ОШАҚТЫДА КАНАЛДАР МЕН ҚАШЫРТҚЫЛАР ТАЗАЛАНДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығы саласында суды үнемдеу туралы тапсырма беріп суғарудың үнемді технологиясын пайдалану үшін арнайы суғару құралдарын шығаратын кәсіпорынның ашылуына да бастамашы болды. Сол сияқты суды үнемдеу үшін оның ағатын жолын тазалап, судың іркіліссіз егістік алқаптарға жылдам жетуін қамтамасыз ету де маңызды.
Келес ауданының Ошақты ауылдық округіндегі егістік жерлерге ағын су Саңырау, Теріс, Тартулы, 8-Ұлан, Игілік каналдары арқылы жеткізіледі. Биыл Шеңгелді каналының 3,2 шақырымы, Сарыжылға су қашыртқысының 2,5 шақырымы механикалық әдіспен қазылды. Бүгінгі таңда 8-Ұлан каналы 18,0 шақырымын механикалық әдіспен қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың Ошақты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Сонымен қатар жеке мәселелерімен келген тұрғындарды аудан басшысы қабылдады.
Ошақты өңірінде 2024 жылы жалпы 3712 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілді, оның ішінде 1474 гектар жерге көкөніс дақылдары, 626 гектар жерге дәндік дақылдар, 442 гектар жерге жоңышқа, картоп 446 гектарға, тағы басқа да дақылдар егілген. Ағымдағы жылдың екінші жартысында екінші рет егілген егіс көлемі артып, 203 гектар жерге көкөніс дақылдары егілді.
Ошақты ауылдық округі аумағында 30 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар, 16 шақырым аудандық маңызы бар жолдар және 117 шақырым ішкі жолдар бар. Бүгінде ішкі жолдардың 44 шақырым асфальт, 52 шақырым шағал тас төселген жол, 21 шақырым топырақ жолды құрайды. Биыл округ аумағындағы ұзындығы 10 шақырымнан асатын 5 көшеге ағымдағы жөндеу, яғни шағал тас төселсе, ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын 8 көше орта жөндеуден өтті. 2025 жылы жалпы 10 көшені орта және ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Ошақты ауылдық округіне қарасты Саңырау және Қоңыртөбе елді мекендеріндегі тозығы жеткен электр желілері мен бағаналарын ауыстыру жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары қайта жасалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Бүгіндетиісті басқармаға ұсыныс енгізілген.
Ошақты округі аумағында 7 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Олар: (Ошақты (3896-адам), Жетітөбе (1124-адам), Еңбек (475-адам), Саңырау (878-адам), Береке (2262-адам), Қоңыртөбе (1401-адам), Сарыжылға (1357- адам) округ тұрғындарының 67,4%) табиғи газбен қамтылған. Табиғи газбен қамтылмаған 6 елді мекенді газ жүйесімен қамтуға газ жеткізгіш құбырдың құрылыс жұмыстары басталды. Табиғи газбен қамтылмаған 6 елді мекенге газ жеткізгіш құбырдың құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін “Отау-Строй”ЖШС мердігер мекемесі анықталып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Тапсырыс беруші Келес аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы ЖК және АЖ бөлімі. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың соңында аяқталуы көзделген.
Ошақты ауылдық округі Береке, Саңырау, Қоңыртөбе, Сарыжылға, С.Саттаров және Атақоныс елді мекендерінің аумақтарынан кіші футбол алаңдарын салу мақсатында жер бөлініп, мемлекеттік актілері алынған. Сметалық құжаттары жасалып тиісті бөлімге ұсыныс берілген.
Білім саласында 2023 жылы Жиделі елді мекенінде 300 орындық мектеп құрылысына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс нысаны ағымдағы жылдың желтоқсан айында тапсырылады деп күтілуде.
Өткен жылы Ошақты ауылдық округі Жиделі елді мекені аумағынан 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға дайын. Құрылыс нысанды тапсыруға құжаттары рәсімделуде.
Денсаулық сақтау саласында биыл Береке елді мекенінен дәрігерлік емхана салуға қаржы қаралып қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Ошақты елді мекенінде «Нұрболат» өндірістік кооперативі «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы аяқталған.