САПАЛЫ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУДЕ

0
52

Мемлекет басшысы автокөлік инфрақұрылымының сапасын арттыру жайында биылғы жариялаған жолдауында қадап айтқан. Жалпы көлік инфрақұрылымының санынан гөрі сапасына мән беруді де тапсырды. Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталықтың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жол құрылысы жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Атап айтқанда, 30, 32, 36 көшелерге жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жол құрылысының сапасы облыс әкімі мен салаға жауапты басшылардың тұрақты қадағалауында тұр.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылармен бірге Түркістан қаласында құрылысы жүріп жатқан жол нысандарын аралап, жұмыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, жұмыстың сапасы мен орындалу мерзімі бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

Қазіргі таңда «Каратас Майнинг» ЖШС тарапынан Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 30-көшенің асфальт жабындысы төселіп, көгалдандыру жұмыстары басталуда. Сонымен қатар 32-көшенің негізгі қабаты төселіп, алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстары басталмақ. Бұдан бөлек, «Bazis Construction» ЖШС 36-көшенің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде аталған көшенің негізгі қабаттары төселіп, асфальт жабындысын салу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл көше пайдалануға тапсырылған соң, Б.Саттарханов көшесіндегі, 9 және 11 көшелердегі көлік кептелістер азайып, Әкімшілік-іскерлік орталығы мен Түркістан халықаралық әуежайына баратын жолды байланыстыратын болады. Нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты басшыларға жол құрылыс жұмыстарын тұрақты қадағалауға алуды, жол сапасын тексеретін арнайы мекемелермен «Жаңа қала» мөлтек ауданы аумағындағы жаңа жолдардың жәй-күйін қайта тексеруден өткізіп, кемшіліктерді кепілдік негізінде қалпына келтіруді тапсырды.

Биыл Түркістан аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 1061,3 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды. Оның ішінде, облыстық маңызы бар 379,5 шақырым жол болса, аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 97,3 шақырым. Сондай-ақ елді мекендерде 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Сонымен бірге, биыл жыл аяғына дейін Түркістан қаласының 24 мыңнан астам тұрғыны кәріз жүйесімен қамтылмақ.Түркістан облысына қарасты қалалардағы ағынды суларды тазарту деңгейін 100%-ға жеткізу бойынша жұмыстар атқарылуда. 2024 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы 528,1 мың халқы бар 7 қаланың 6 қаласы кәріз жүйелерімен қамтылған. Атап айтқанда, Түркістан, Кентау, Арыс, Леңгір, Жетісай, Шардараның 202,6 мың тұрғыны орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған.

Биыл су бұру саласы бойынша 15 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен тиісті қаржы қаралған. Соның ішінде, осы жылы Түркістан қаласындағы 3 нысаның және Сарыағаш қаласындағы 1 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қалған 11 нысан келесі жылға өтпелі. Жыл соңына дейін Түркістан қаласының 24 мыңнан астам тұрғыны кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар Сарыағаш қаласында жаңадан кәріз тазалау имараты іске қосылады.

Айта кетейік, Түркістан қаласындағы 228 003 тұрғынның 83 335 тұрғыны, яғни 36,5% кәріз жүйелерімен қамтылған. Кәріз жүйелерінің ұзындығы – 127,5 шақырым. Облыс орталығында 27 дана кәріздік сорғы станциясы және қуаттылығы тәулігіне 20 мың м3 болатын кәріз тазалау имараты (КОС) бар. Қызмет көрсетуші мекеме – «Түркістан су» МКК. Қолданыстағы кәріз тазалау имараты 2010-2014 жылдары салынып, пайдалануға тапсырылған. Бүгінгі таңда БОС-1, БОС-2 тазартқыш имараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.