ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІ ЖАЛҒАСУДА
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасында жергілікті атқарушы органдардың басшылары өздері басқарып отырған аймақтардың тұрғылықты жұртшылығымен кездесулер ұйымдастырып, олардың алдында есеп беріп, алдағы атқарылар жұмыстары жайында баяндап, тұрғындардың да пікір-ұсыныстарын тыңдайды. Тыңдап қана қоймай халықтың көтерген мәселелері бойынша шешім қабылдауға тиіс. Бұл халық пен билік арасындағы қарым-қатынаста түсіністікке қол жеткізу, өз өңірлерін бірлесіп дамытуларына ықпал ету мақсатында жасалынған шара. Бүгінде тұрғындар әкімдермен кездесу, жеке қабылдауларында болу және ашық есік акциялары арқылы өздерінің ортақ және жеке мәселелерін билік өкілдеріне жеткізуге мүмкіндік алды.
Түркістан қаласының жаңа әкімі Әзімбек Пазылбекұлы облыс орталығындағы тұрғын аймақтарын аралап азаматтармен кездесуде. Қала әкімінің түркістандықтармен кезекті кездесуі «Сауран» және «Бекзат» секторында өтті. Әкімнің секторлардың тұрғындарымен кездесуіне жүздеген адам жиналды. Шаһар басшысы тұрғын алаптардағы электр желісі, кәріз жүйесі, көгалдандыру, қоғамдық көлік пен білім саласына қатысты бірқатар мәселелерді тыңдады.
Кездесуге жауапты қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, тиісті бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Аталған тұрғын алап халқы жақын маңайдан мектеп пен емхана қажеттілігін жеткізді. Сондай-ақ, мұндағы тұрғындарды көшелердегі көгалдандыру жұмыстары мен қаңғыбас иттерден келетін қауіп те алаңдатады. Сонымен қатар, кәріз жүйесін ретке келтіріп, көшелерге асфальт төсеп, бағдаршам орнатуды сұрайды. Халықтың талап-тілегін тыңдаған Әзімбек Пазылбекұлы тиісті мекеме басшыларына ескерту жасап, мәселені шешуге тапсырма берді.
Осы және өзге де мәселелер бойынша айтылған сұрақтарға жауап берген қала әкімі тұрғындар мәселесінің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтып, орындалуын өз бақылауына алатынын айтты.
Бұған дейін шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы «Бірлік», «Отырар», «Шауғар», «Яссы» секторы тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдаған болатын.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 53 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Оның 16-сы биыл халық игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы Байбұрт, Т.Бокин, Ә.Темір, Т.Нышанов, Қазыбек би, Шекті тілеу, С.Қожанов көшеліріндегі жаяу жүргіншілер жолағы мен жол сызықтары жаңартылуда.
Қалалық «Түркістан жол қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың соңғы 6 айында Б.Саттарханов даңғылы, Тауке хан, О.Жарылқапов,Төле Би, О.Жандосов көшелерінің 123,28 км жол сызығы, 7334 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолағы, 31000 шаршы метр вело жолақтардың бояуы жаңартылған.
Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында мектеп пен балабақшалар маңына 350 метрді құрайтын жол кедергісі қойылып, қажетті жол белгілермен қамтамасыз етілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында қала мектептері маңындағы жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылды.