САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ БОЙЫНША НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ
Президент биылғы жолдауында «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.
«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады» қазақстандықтардың экомәдениеті қалыптасып келе жатқанын айтты. Мұндай жаңа қоғамдық этиканы жұртшылықтың неғұрлым көпшілігінің бойында қалыптастыру үшін жергілікті жерлерде жұмыс жауапкершілікпен жүргізілуі тиіс.
Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаевтың төрағалығымен лездемелік мәжіліс өтті. Жиынға тиісті сала және дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібінде аудан аумағындағы санитарлық тазалық жағдайы жайлы мәселелер көтерілді.
Басқосу барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Жаманқұлов аудан аумағындағы абаттандыру-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерге және кәсіпкерлік нысандардың іргелес аумағына жүргізілген тазалық жұмыстары бойынша жан-жақты талдау жасады. Нәтижесінде, ескерту беріліп, айыппұл салынған жеке және заңды тұлғалардың сандық көрсеткіштеріне тоқталды.
Баяндалғанның негізінде, аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаевтың дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне санитарлық тазалық жұмыстарын қатаң бақылауға алып, жұмыстарды күшейту керектігін жеткізді.
Бұдан бөлек, ауылдық округ аумақтарында мекемелердің тұрғындарға қызмет көрсетуін аудандық мәслихатпен бекітілген тарифтерге сәйкестендіруді, тұрғындарға қоқыстарды алып-әкету қызметін көрсететін мекемелердің арнайы (мамандандырылған) техникалармен қамтылуын тексеруді және жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе рейдтер ұйымдастыруды тапсырды. Егерде азаматтар бұл бойынша әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттер жасаған жағдайда, оларға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 434/2 мен 505 баптары бойынша және «планшет» арқылы шара көру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырмалар берді.
Жиын соңында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өз деңгейінде жұмыс атқарылмаған, бейберекет қоқыстар тасталған бірқатар ауылдық округтерінің санитарлық тазалыққа жауапты әкім орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелері қаралды.
Ауданға қарасты барлық елдімекен аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы шеңберінде сенбілік өткізілді. Аталмыш шараға мемлекеттік қызметшілер мен барша тұрғындар белсене атсалысты. Бұл — олардың қоршаған ортаның тазалығына деген биік құрметін көрсететіні белгілі.
Бүгінгі сенбілік барысында мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары аудандық маңызы бар жол жиектеріндегі бейберекет тасталған күл-қоқыстарды жинады. Арық-атыздарды шөп-шаламдардан, шөгінділерден арылтты. Мекеме аулаларындағы гүл көшеттерінің түптерін қопсытып, айналаны абаттандыруға атсалысты. Сондай-ақ, саябақтардағы және көшелердегі қураған жапырақтарды жинап, тұрғындардың емін-еркін жүруіне қолайлы жағдай жасады.
Айта кетейік, аталмыш акцияның мақсаты — аймақтарда осындай тазалық сенбіліктерін ұдайы ұйымдастыру арқылы экологиялық таза орта құруға ортақ күш біріктіру болып саналады.