ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ ІСІ ЖАЛҒАСУДА

0
53

Мемлекет басшысы биылғы 2-ші қыркүйекте жариялаған «Әдідлетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экномикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын қазақстандықтарға арнаған Жолдауында азаматтардың цифрлы, электрондық сауаттылығын арттыра түсу қажет, өйткені, электроника мен цифрлық технология күнделікті өмірге жаппай еніп, мемлекеттік қызметтен бастап барлық қызмет халыққа электронды форматта көрсетілуге көшуде дей келіп «Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын» деген болатын. Цифрлық, электрондық технологияларды пайдаланып күнделікті жұмыс істеу, білім, қызмет алу үшін интернет желісі жақсы жұмыс жасауы қажет.

Түркістан облысының аумағында орналасқан елді мекендерді жоғары жылдамдықты үй жағдайындағы интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы саладағы жұмыстар мен мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды.

– Біз тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және ауылдардың әлеуетін арттыру үшін бар мүмкіндікті қарастыруымыз керек. Әсіресе ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту қажет. Бұл экономикалық, білім беру, медициналық және ғылыми салалардың дамуына елеулі ықпал етеді деп санаймын. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерде байланыс желілерін бірден орнатуды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиын барысында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. Ол өңірді ғаламтормен қамту бағытындағы жұмыстар мен мәселелерді атап өтті.

Өңірдегі жалпы 807 елді мекеннің қазіргі таңда 415-і жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Оның ішінде 305-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасымен жүзеге асты. «Қазақтелеком» тарапынан 177-сіне және «Транстелеком» тарапынан 128-іне оптика жүргізілген. Облыста интернет жылдамдығын арттыру, елді мекендер мен білім ұяларын сапалы ғаламтормен қамту жұмыстары жалғасады.