ҚАЗАҚСТАНДА «ЖАЛПЫ ҰЛТТЫҚ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР.
Ол акцияның мақсаты еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға, елдімекендерде ғана емес барлық жерлерде қоқыс болмауына, тазалықты азаматтардың игі әдетіне айналдыру, адамдардың экомәдениетін, туған жерге жанашырлығын қалыптастыру болып табылады.
Осы идеяның бастамашысы болған Мемлекет басшысы «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.
«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деді.
Түркістан облысы аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық жұмыстары күнделікті өткізіліп келеді. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 500-ге жуық ауқымды тазалық іс-шарасы өткізілді. Өткен аптаның ішінде 11 ауданның 25 елді мекенінде ауқымды сенбіліктер өткізіліп, нәтижесінде 28,2 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 2 мыңнан астам тұрғын қатысып, 27 техника жұмылдырылды. Қоршаған ортаны күтіп-ұстау бағытында жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесі туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалды жауапты тұлғаларға мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізуді, тазалық жұмыстарын жалғасыруды, республикалық және облыстық маңызы бар жолдар бойындағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және қоршаулар орнату жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ бұл жұмыстарға жергілікті тұрғындарды тартуды тапсырды.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде атқарылып жатқан тазалық жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Taza Qazaqstan» телеграм бот платформасына 490 өтінім түскен. Оның ішінде, 472 өтінім орындалған, 2 өтінім орындалу барысында, 16 өтінім мағынасыз болғандықтан, кері қайтарылған. Сонымен қатар биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған 25 300-ге жуық азаматқа хаттама толтырылып, 288,5 млн теңгеге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, 1217 ескерту және 625 айыппұл салынды. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалауға алынған. Аудандар мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан, қала әкімдіктері мен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп күзде ағаш отырғызу бойынша ауқымды акция өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, облыс аумағында жалпы 500 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ. Бұл акция өңірлерді көгалдандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бүгінде ағаштарды отырғызуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.