КІРІС КӨЗДЕРІН АРТТЫРУ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК
«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін Түркістан облысының қалалары мен аудандарында тұрақты да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ол жұмыстар әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана емес барлық жағынан дамуын қамтамасыз ету шараларының жүзеге асырылуын қамтиды. Қала, аудан басшылары әр апталық лездеме, мәжілістерінде белгілі бір салалар бойынша атқарылып жатқан істердің жағдайымен танысып, зерделеп отырады.
Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ербол Жанғазиевтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Онда 2024 жылдың 9 айдың қорытындысымен индикаторлық және аудан бюджетінің орындалулары туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов, «Отбасының цифрлық картасы» Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету бойынша жұмысшы топтың атқарған жұмыстары туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек баяндама жасады.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметовтің мәлімдеуінше ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 9 айлықтың қорытындысымен индикаторлық жоспарлардың орындалуы туралы әр салаға жеке-жеке тоқталып өтті. Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ербол Жанғазиев өз деңгейінде жұмыс жүргізбей жатқан ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшыларын сынға алып, тиісті жұмыстарды толық орындауды тапсырды.