РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАР ӨТУДЕ

0
83

Елімізде бұқаралық спортты дамытуға, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерді спортқа қызықтыру арқылы олардың бұқаралық спортты жанына серік етуіне және қабілетті балалардың спорттың ұнатқан түрлерімен қалағанынша кәсіби түрде айналысуына жағдайлар жасау қарастырылған. Сол үшін тұрғын үй секторларында балаларға арналған спорт алаңшалары, көптеген спорт секциялары мен клубтары, арнаулы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері ашылып жұмыс жасауда. Балалардың спорттық шеберлігін арттыру масқсатында облыста көптеген жарыстар мен турнирлер өткізіліп тұрады.
Түркістанда «Республика күні» және «Қала күні» мерекесіне орай, баскетболдан 2009-2010 жылғы ұлдар арасында халықаралық турнир басталды.
Спорт шарасының ашылу салтанатына қалалық «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің» сектор меңгерушісі Марат Әсілбаев, қалалық «№2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Ануар Сәрсенбаев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Баскетбол жарысына Өзбекстан Республикасының Ташкент және Самарқанд қалаларынан, Алматы облысы, Кентау мен Арыс қалаларынан, сондай-ақ түркістандық жалпы 8 команда қатысуда. Сайыс қазан айының 20-жұлдызына дейін жалғасып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Ал, Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінде 25 қазан республика күніне және «Ұлағатты ұстаз, тыл ардагері Фазыл Байметовтың 85 жылдығына орай», еркін күрестен 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында ауданның ашық біріншілігі өтті. Айтулы шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, аудандық мәслихат депутаты Абдурашид Жусипов, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, ауыл ақсақалдары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ұлағатты ұстаз, тыл ардагері Фазыл Байметовтың 85 жылдық мерейлі жасымен құттықтап, аудан әкімінің құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстады.
“25 қазан — Республика күніне және «Ұлағатты ұстаз, тыл ардагері Фазыл Байметовтың 85 жылдығына орай, еркін күрестен 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Сауран ауданның ашық біріншілігі өткізіліп отыр. Аудан көлемінде 42 мыңнан астам тұрғын спортпен шұғылданады. Оның 33 мыңы жастар. Бұқаралық спорт түрлерін жан-жақты дамыту қолға алынған. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануда және салауатты өмір салтын қалыптастыруда алар орны ерекше және тиер септігі мол болмақ. Сондықтан осындай спорттық шараларда жастарды тартуда барынша жүйелі жұмыстар атқарып, жұмыстарды үйлестіруіміз қажет. Бүгінгі спорттық шарада кіл мықтылардың жеңіске жетулеріне тілектеспін”, — деді Бақытжан Кеңесбекұлы.
Аудан жастарының спортқа деген ынтасы зор. 2023 жылы Қазақстан чемпиондары (дзюдо, еркін күрес, тенис, волейболдан) иемденсе, 2024 жылы әлем чемпиондары (еркін күрес, тенистен) шығып, мерейімізді асқақтатуда. Бұдан бөлек, волейбол, футбол түрлерінен жастардың спортқа деген ынтасы қарқынды дамып келеді.
Сол сияқты, Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы Дильмурат Нұржанов аудан орталығына арнайы келіп, Астана қаласында әскери борышын өтеп келген саурандық сарбазға алғысын білдіріп, ҚР Қорғаныс министрінің арнайы қол сағатын Адыл Үркімбаевқа табыстады. Шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысты.
Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінің тұрғыны Адыл Үркімбаев Астана қаласында әскери борышын өтеп жүрген сәтте елімізде орын алған су тасқыны кезінде қарулы күштер тобы алғашқы күннен төтенше жағдайдың салдарын жоюға көмекке барған болатын. Осыған орай, саурандық сарбаз Адыл Үркімбаевтың ерен ерлігі ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан жоғары бағаланып, қол сағатымен марапатталды.