БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Келес ауданында «Ауыл –Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 28 шақырымды құрайтын 28 ішкі көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Біртілек ауылдық округінде 18 көше, Ошақты ауылдық округінде 7 көше, Қошқарата ауылдық округінде 3 көше. Қазіргі таңға келіп, жалпы орта жөндеу жұмыстары жоспарланған 28 шақырымды құрайтын 28 ішкі көшенің 19,39 шақырым яғни 15 ішкі көшеге асфальт салуға орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Ұлттық жол активтер сапасы орталығы» РММ Түркістан облысы бойынша филиалы тарапынан салынған жолдың сапасына оң қорытындысын алу жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі болған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1 елді мекенде 8,5 шақырымды құрайтын 12 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен аудан аумағындағы елді мекен ішкі көшелері бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер мекеме тарапынан 37,6 шақырым жолға шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылдың қаржы жоспарына сәйкес, жергілікті бюджет есебінен 150 дана жол белгілері, 10 дана жасанды жол кедергілерін орнату, әлеуметтік нысандар орналасқан жол бойларына 350 м2 жаяу жүргіншілер жолағын сызу, елді мекен ішкі көшелері мен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында орын алған ойық-шұңқырларын жамауға 3000 м2 қаржы қаралды. Қазіргі таңға мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме «Асем-Жарық» ЖШС танылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ағымдағы жылы Келес ауданы бойынша қалпына келтірілетін және жаңадан соғылатын су қоймалары мен тоғандардың 2024-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес, Ақтөбе ауылдық округінің ұсынысымен «Р-28» каналы бойындағы Ақболат, Найман және Оймауыт каналының бойындағы Қият, Сман су бөлу құлақтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жүзеге асып жатқан жобаның сапасы мен барысын бақылау мақсатында Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ердаулет Жасұзақов нысан басына барды. Мердігермен тілдесіп, жұмысты ширату бойынша тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Айта кетейік, Р-28 каналы Өзбекстан Республикасынан бастау алатын Солтүстік Ташкент каналынан бөлініп, 820 гектардан астам жерге ағын су жеткізеді. Каналдың ұзындығы 8 шақырымды құрайды.
Түркістан облысының Келес ауданына қарасты Ескіқорған елді мекенінде жаңа білім ғимараты салынады. Бұл туралы Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев Ескіқорған ауылының тұрғындарымен кездесуінде атап өтті.
«Бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде Ескіқорған ауылындағы мектептің жайы талқылануда. Аталған мәселе аудан әкімдігінің бақылауында. Осыған дейін де бірнеше рет өздеріңізбен кездесіп, аталған жайтты талқылаған болатынбыз. Нәтижесінде Ескіқорған ауылының аумағынан 300 орындық жаңа білім ғимаратын салу жоспарға еніп, арнайы жер телімі қарастырылды. Ол мектеп бастапқыда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынуы жоспарланғанымен бүгінде түрлі себептерге байланысты мектеп құрылысы облыстық бюджет есебінен салынады»,- деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Нұрланұлы.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Келес ауданында 65 білім ошағы бар. Биыл ауданда 2 мектеп қолданысқа берілсе, 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нақтырақ тоқталсақ, Ақтөбе ауылдық округінің Ғани Мұратбаев елді мекенінде, Біртілек ауылдық округінің орталығында және Абай ауылында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы арқылы 600 орындық білім нысандарының құрылысы биыл аяқталса, Ақтөбе ауылдық округінің Көгерту және Ошақты ауылдық округінің Жиделі ауылдарынан облыстық бюджет есебінен 300 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде.
Келес ауданың әкімі Жәнібек Ағыбаев өңір аумағындағы ауыл, ауылдық округтерінің әкімдеріне заңсыз құрылыс нысандарын бақылауға алып, кәсіпкерлік нысандардың сәулеттік жобаларын бірдейлендіруді, талапқа сәйкестендіруді тапсырған болатын. Берілген тапсырма негізінде әрбір ауыл, ауылдық округтерінде жұмысшы топ құрылып, қажетті шараларды қабылдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Осы орайда бүгінде Ақтөбе ауылдық округі аумағынан өтетін Республикалық А-15 трассасы бойынан 14 заңсыз нысан анықталып, заң аясында тиісті шешім қабылдануда. Сондай-ақ әкімдік өкілдері кәсіпкерлік нысан иелерімен кездесіп, нысанның орналасуымен сыртқы қасбетін ретке келтіру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ереже бұзған азаматтарға кемшіліктерді жою бойынша ескертулер берілді.
Айта кетейік, аудан әкімінің арнайы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік құрылыс нормаларын, ережелері мен талаптарын, заңсыз салынған құрылыс нысандарын анықтау, алдын алу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан жұмысшы топ құрылып, кәсіпкердің өз қаржысы есебінен салынып жатқан, салынған, істеп тұрған коммерциялық құрылыс нысандарына талдау жүргізілуде.