Инфрақұрылымдарды жетілдіру мәселесі

0
83

Түркістан облысында инвестиция тарту, инфрақұрылымдарды жетілдіру мәселесіне ерекше мән беріліп, нақты жұмыстар жүргізу жалғасуда.Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының IT компания өкілдерімен халықаралық технологиялық паркті құру жөнінде маңызды келіссөздер жүргізді.

Бұл келіссөздер нәтижесінде құрылысы жоспарланып отырған технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр. Осы арқылы ІТ саласында Түркістанның өз бренді қалыптаспақ.

Сонымен қатар технологиялық парктің құрамында осы өнімдерге қызмет көрсету орталықтары мен кадрларды оқыту және дамыту орталықтары да жұмыс істемек. Бұл инновациялық орталық аймақтағы жоғары технологиялар саласын дамытуға ықпал етіп, жергілікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Технологиялық парк тек өндірістік қуаттылықты арттырумен шектелмей, аймақты жаңа технологиялық инновациялардың орталығына айналдыруға, шетелдік инвестицияларды тартуға және өңірдегі экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға септігін тигізеді. Жоба жүзеге асқан жағдайда, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты экономикалық мүмкіндік туындайды.

Түркістан облысындағы елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасуда. Жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауына алынған.

Осы ретте, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мердігерлермен, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелердің басшыларымен жиын өткізді. Күн тәртібінде ауыз су, табиғи газ және электр қуаты саласындағы проблемалық нысандардың барысы қаралып, қазіргі жай-күйі талқыланды.

Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков проблемалық нысандар бойынша баяндама жасады. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары олқылықтарды қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы тоқталды.

Зұлпыхар Жолдасов нысан құрылысында немқұрайлы қараған мердігерлердің жұмысын сынға алып, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына құрылыс басында болып, жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Жұмысын тиісті деңгейде орындамаған мердігерлерге қатаң шара қарастырылатынын, лицензиясынан айыру және «жозықсыз» деп тану жұмыстары жүргізілетінін ескертті. Құзырлы органдармен бірге заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Түлкібас ауданында кәсіпкерлер арқылы спорт нысандарын көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Солардың бірі – Азаттық елді мекеніндегі «Спорт сервис Азаттық» атты спорт кешені. Өткен жылы Азаттық елді мекенінен Бекмұратов Атамұрат есімді жеке кәсіпкердің өз қаржысы есебінен ашылған нысанда бүгінгі таңда 600-ге жуық мектеп жасындағы бала спорттың 8 түрінен (бокс, күрес, дзюдо, тхэквандо, волейбол, үстел тенисі, футбол, гимнастика) үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде.

Бұдан бөлек кешеннің қосымша ғимаратына тігін цехы ашылып, тапсырыстар қабылдап, қазіргі таңда жұмысын жүргізуде. Кәсіпкер өткен жылы үйірменің үш түріне қажетті аймақты дайындаса, биыл қосымша 5 үйірмеге керекті залдарды іске қосқан. Жалпы кешеннің құрылысына 200 млн. теңгеге жуық өз қаржысын жұмсаған.

Аталған нысанға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов арнайы табан тіреп, кәсіпкердің жұмысына оң бағасын берді. Кәсібін ұлғайтуға мемлекеттен қолдаулар қажет болған жағдайда, көмек беруге дайын екенін жеткізді.

Аталған кәсіпкерлік нысанда 30-дан астам ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр.

Бүгінгі таңда ауданда 5 облыстық, «Ер Жәнібек» спорт клубы, «Түлкібас спорт клуб» және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт мектебі халыққа қызмет көрсетеді. Осы аталған 8 спорт мекемесінде 5258 оқушы спорттың 22 түрінен қамтылған. Сондай-ақ биыл Рысқұлов ауылдық округінен жеке кәсіпкер А.Тойшыбековтың есебінен жалпы құны 150 млн. теңгеге футбол алаңшасы ашылып, ауыл тұрғындарына пайдалануға берілсе, Керейт, Майтөбе және Алғабас ауылдарында жабық футбол алаңшаларының құрылысы жүргізілуде.