РЕСПУБЛИКА КҮНІНДЕ ЖҮЗ ТҮП КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде елімізді ауқымды көгалдандыру міндетін қойған болатын. Тапсырма аясында 2 млрд ағаш егу жоспарланған. Ол үшін барлық облыс және министрліктің ведомстволық бағынысты мекемелерінде орманды көбейту мен өсірудің бес жылдық кешенді жоспары бекітілді. Мекемелердің іс-қимылын үйлестіру жөніндегі штаб құрылды. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін алдағы бес жыл ішінде республикалық бюджеттен 22 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 60 млрд теңге бөлінгелі отыр.
Тапсырма аясында 2 млрд ағаштың 1 455,7 млн түбін – әкімдіктер, 294,3 миллионын – орман пайдаланушылар мен халықаралық донорлар, 250 миллионын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары отырғызады.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындау бойынша жыл сайын екі кезеңде ағаш көшеттерін егу жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Ағаш көшеттерін егіп қана қоймай оларды тиісті мекемелерге жауапкершілікке беріп, талдардың күтімі, суғарылуы мен өсіп жетілуін қамтамасыз ету де міндеттеледі. Әрі ол жұмыс әр деңгейдегі әкімдіктердің бақылауында болады. Қазіргі кезде облыс бойынша күзгі ағаш көшеттерін егу жұмысына дайындықтар негізінен толық бітті. Енді бірінші қарашадан бастап көшеттерді отырғызу жұмысы облыс бойынша басталады.
Республика күніне орай облыс орталығында 100 түп ағаш отырғызылды. «Таза Қазақстан» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, зиялы қауым өкілдері, депутаттар, Түркістан қалалық өзбек этно-мәдени бірлестігі, мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық сала өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Олар орталық мешіт ауласына, «Керуен сарай» маңындағы «Арена» алды мен туризим университетінің жанына сәндік ағаштар, бозарша, қарағаш, шаған, үйеңкі, сынды ағаш түрлерін екті.
Игі бастамаға қолдау білдірген облыс әкімі Дархан Сатыбалды көппен бірге ағаш көшеттерін егіп, ағаш отырғызу – экологиялық таза болашаққа жасалған маңызды қадам екенін атап өтті. Әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастап, қала аумағын жасыл желекпен көмкеруге үлес қосу керектігін жеткізді.
– Таяуда Президентіміз Түркістан өңіріне жасаған сапарында Түркістанның таза әрі көрікті қалаға айналғанын атап өтті. Түркістанды бақпен көмкерілген шаһарға айналдыру үшін жасыл желек қорын ұлғайтуға міндеттіміз. Біздің әсем қаламыз бұрынғыдан да сұлу әрі жасыл желекке бөленуі үшін қалалықтарды осы бастаманы қолдауға шақырамын, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілді. Жоспар аясында бүгінгі күнге дейін 2 миллионға жуық көшет егілді. Оның ішінде, Түркістанды көгалдандыруда жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Биылғы жылдың соңына дейін облыс бойынша 500 мыңнан аса көшет егіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.