Қайрат Боранбаевқа тиесілі сауда орталығы мұражайға айналады

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мәслихаттың кезектен тыс сессиясында «Алмалы» сауда орталығы мұражайға айналатынын мәлімдеді.
«2025 жылдан бастап Алматыда бұрынғы «Алмалы» сауда орталығының базасында Балаларға арналған ғылым мұражайы құрыла бастайды. ТМД елдерінде алғаш рет ашылғалы отырған мұражайға Science Museum Singapore көмектеседі. Сол үшін қала бюджетінен 12,2 млрд теңге бөлінеді», — деп хабарлады Ерболат Досаев.
Айта кетейік, «Алмалы» сауда орталығы Алматы қаласының Республика алаңының астында орналасқан. Орталық күмбезі қала әкімдігі ғимаратының алдында тұр. Ғимарат бірнеше жылдан бері жабық. Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкер Қайрат Боранбаев Алматыдағы фитнес-клубын, бизнес-орталық нысанын және ірі сауда орталығын мемлекет меншігіне тапсырған.