МӘСЕЛЕЛЕРДІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ҚАРАСТЫРМАҚ

0
31

Түркістан облысының Бәйдібек ауылына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жағдайымен танасып, бірқатар салалар бойынша туындаған мәселелерді республикалық деңгейде қарастыруға дайын екендіктерін тұрғындарға жеткізді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, мәжілістегі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Шаян елді мекеніндегі №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болып, жасөспірімдердің спортпен шұғылдану жағдайларын көріп, спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады. Ол жастардың денсаулығын нығайту мен спортқа деген қызығушылығын арттыруда осындай нысандардың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, С.Әбдіжаппаров атындағы мектепке барып, білім беру сапасы мен оқу процесі талқыланып, мектеп ұжымымен және оқушылармен кездесу өтті. Н.Байтілесов білім беру саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсету жалғаса беретінін жеткізді.
Кездесу Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында жалғасып, Н.Байтілесов медициналық қызмет көрсету сапасымен, аурухананың материалдық-техникалық базасымен танысты. Сапар соңында медицина саласының қызметкерлерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Бұл сапардың басты мақсаты – ауданның әлеуметтік нысандарын аралап, олардың жұмысын жақсарту үшін қажетті қолдауды қамтамасыз ету болды.
Сол сияқты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы жұмыс сапарымен Бәйдібек ауданына келіп, «Шаян» мектеп-лицейі» КММ-нің ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Н.Әуесбаев білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, мемлекет тарапынан білім саласына көрсетілетін қолдаулар жайында айтты. Лицей ұжымы өздерінің жетістіктері мен оқыту процесінде кездесетін қиындықтарын ортаға салып, Н.Әуесбаев ұстаздардың еңбегін жоғары бағалап, жас ұрпақты тәрбиелеудегі жауапты миссиялары үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, Н.Әуесбаев мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оны жақсарту бойынша қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті. Кездесу ашық әрі мазмұнды өтіп, тараптар алдағы уақытта тығыз байланыста жұмыс істеуге уағдаласты.
Бәйдібек ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты
Анас Баққожаев ауыл шаруашылығы мамандарымен, шаруа қожалықтардың төрағаларымен және фермерлермен кездесу өткізді. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды мәселелер көтеріліп, олардың шешу жолдары талқыланды.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов мәжіліс депутатына аудандағы аграрлық секторды дамытуға арналған негізгі жобалар мен атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларды енгізу, егіс алқаптарын ұлғайту, мал басын көбейту және балық шаруашылығын жетілдіру бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларды атап өтті. Сондай-ақ, саланы дамытудағы негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдарына тоқталды.
Жиын барысында мәжіліс депутаты фермерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдерін тыңдап, субсидиялау, техникамен қамтамасыз ету, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және өнімді өткізу жолдарына байланысты ұсыныстарды қарастырды.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпарат беріп, осы бағытта алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталып, айтылған ұсыныстарды мұқият тыңдап, осы мәселелерді республикалық деңгейде қолдау көрсету үшін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Бұл кездесу ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған пікір алмасу алаңына айналып, саланың өзекті мәселелерін бірлесіп шешуге бағытталған маңызды шара болды.