ДӘСТҮРЛІ ДІН МЕН ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕСІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласына кіреберісте салынып жатқан 5 мың орындық мешіттің құрылыс алаңында жауапты басшылармен кездесіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылысты ширатуды, жұмысшылар санын арттыруды тапсырды. Қауіпсіздік шараларын толық сақтауды ескертті.
Мешіттің қасбеті салынып біткен. Мұнарасы қойылып, электр жарығымен және сумен жабдықтау, терезе орнату жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысан басындағы құрылыс жұмыстарына 30-дан астам адам, 9 техника жұмылдырылған.
Шаһарда бой көтерген еңселі жаңа ғибрат орны әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған. Сәулеті ерекше Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуі шығыстық нақышта жүргізіліп жатыр. Жаңа жоба жан-жақты зерделенген. Құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталуы тиіс.
Құрылыс барысында әлем елдеріндегі озық тәжірибелер ескерілген. Мешіт іргесінің берік болуы үшін өзіндік технология әзірленген. Түркі әлемінің рухани темірқазығы, қасиетті Түркістан қаласында салынатын жаңа ғибрат орнында 5 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады. Мешіт құрылысы заман талабына сай озық үлгіде жүргізіліп жатыр. Шығыс үлгісіндегі Ислам орталығының жер аумағы – 7,7 га.
Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан Республикасында діни сенім-нанымдарға рұқсат етілген. Бірақ, әр бағыттағы әсіредіншілдер қарапайым халықтың басын айналдырып, діни сауатсыздығын пайдаланып өз мақсаттарын жүзеге асыруға тырысатыны да рас. Дәстүрлі діндерді мемлекет заң аясында қолдағанымен деструктивті, әсіредіншіл секталар мен ұйымдардың жұмыстарын қатаң бақылауға алып бірқатарына елімізде жұмыс жасауға тиым да салған. Дегенмен, қой терісін жамылған қасқырдай халықтың арасына мүләйімси кіріп теріс бағыттағы діни насихат жүргізушілер әлі де бар. Мемлекеттің арнаулы құзырлы органдары сондай экстремистік, террористік діни топтарға қарсы тұрақты жұмыс жасап, тұрғындар арасында оларды әшкерелей отырып, түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп келеді.
Сондай-ақ, 24 қаңтарда Түркістан облысының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының кезекті отырысы өткізілді. Комиссия отырысына терроризмге қарсы облыстық комиссияның мүшелері мен құзырлы органдардың басшылары, тиісті департаменттердің басшылары және аудан, қала әкімдері қатысты. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Комиссияның белгіленген жұмыс жоспарына сәйкес, күн тәртібінде «Дене шынықтыру және спорт саласында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасының орындалу барысы», «Террористік тұрғыдан осал объектілердің жай-күйі және кездесіп жатқан мәселелер, оны жоюға бағытталған ұсыныстар туралы», «Діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрғындардың иммунитетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық-насихаттық жұмыстарына қатысты мәселелер және оларды шешу жолдары» жөнінде баяндамалар жасалып, мәселелер талқыланды. Сонымен бірге 2024 жылдың қорытындысымен ТҚК қызметі саласындағы орындаушылық тәртіп туралы мәселелер қаралып, баяндамалар мен сын-пікірлер тыңдалды. Сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар берілді.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров мәселенің маңыздылығына тоқталып, ұсыныстар мен пікірлер ескерілетінін жеткізді. Жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімінің төрағалығымен Түркістан облысының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының 3 отырысы және облыстық ТҚК аппараты жанындағы жұмыс тобының 22 мәжілісі өткізілген.