КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

Мемлекет басшысы таяудағы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар» дей келіп, биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың сапасына да мән беру керектігіне тоқталған болатын.
Түркістан облысында «Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла» дегендей сонау күзден бастап көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысын бағдарлап, атқарылар істерді жобалап қоған болатын. Енді қыс айларында сол дайындық барысын қадағалап, пысықтауда.
Шардара ауданы, Ұзыната ауылында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Н.Тұрашбековтың тапсырмасына сәйкес, аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қажетті несиелік қаржы мен «Агробизнес» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының берілу шарттарын түсіндіру мақсатында мәжіліс өтті.
Жиынға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент филиалы директорының орынбасары Б.К.Кулсинбаев, несиелендіру бөлімінің бас менеджері М.А.Тажмағанбетов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі С.Оразбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы А.Маканов сонымен қатар, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, ауыл әкімдіктерінің салаға жауапты мамандары, кәсіпкерлік субъектілері мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Күн тәртібіндегі көктемгі дала жұмыстарына және басқада агроөнеркәсіптік кешен саласына, «Кең дала 2» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша егін шаруашылығына, мал шаруашылығына бөлінетін несиенің мөлшерлемесі, 5 пайыздық ұзақ мерзімге бөлінетін несие, жалға алынған суармалы және жайылым жерлерді кепілдікке қою мәселесі, несие алу шарттары және тағы да басқа сұрақтарға бойынша толыққанды жауап беріліп, шаруаларды толғандырған мәселелері талқыланып, шешу жолдары түсіндірілді.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев сала мамандары және мердігер мекеме өкілдерімен бірге, аудан орталығынан 39 шақырым қашықтықтағы Шардара-Байырқұм жер асты су кен орны, яғни, Қ.Тұрысбеков ауылдық округі, Тама-Тастанбек учаскелеріне барды.
Құрылыс орнын көріп, мамандармен «Шардара ауданының Шардара топтық су құбырын салу» жобасын талқылады.
Мердігер мекеме «Алтын констракшн» ЖШС-нің өкілдері ақпан айында жұмыс қарқыны күшейетінін жеткізді. Атап айтқанда, топтық су құбырының ұзындығы – 39,28 шақырымды құрап, оның қуаттылығы тәулігіне 12 000 м3 құрайтын болады. Сондай-ақ, жобада І-ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы және 40 км электр желісін жүргізу жоспарланған.
Мұнда 2008-2009 жж. Шардара-Байырқұм жер асты су кен орнына қайта барлау жұмыстары жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілген. Жоба іске асқанда, Шардара қаласы мен оған іргелес жатқан 22 елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Қаңтар айының 21-25 күндері аралығында Жетісай ауданында 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер мен 2010-2011 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасында еркін күрестен Түркістан облысының чемпионаты өтті. Аталған чемпионатқа облысымыздың әр аймағынан кіл мықты боз кілем шеберлері қатысты. Дүбірлі додаға біздің жас балуандар да қатысып, бақ сынаған болатын. Нәтижесінде жасөспірім спортшылар 2 алтын, 4 қола медальді қанжығаларына байлады.
Атап айтар болсақ, Байбақ Бекмұратов (57 кг) пен Әділет Рысбай (60 кг) алтыннан алқа тағынса, Рамазан Валихан (35 кг), Ернат Өербаев (48 кг), Абзал Аманбай (51 кг), Бекзат Бекмұратов (92 кг) қола жүлде иегері атанды. Б.Бекмұратов пен Ә.Рысбай алдағы уақытта ел чемпионатында бақ сынайтын болады.
Балғын балуандардың алдағы ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілектестік білдіреміз.
31-қаңтар мен 6-ақпан күндері аралығында Өзбекстан елінің Ташкент қаласында Армрестлингтен Әлем кубогы өтеді.
Аталған байрақты бәсекеге Қазақстан ұлттық құрамасы сапында «Шардара Армспорт” құрамасының құрыш білекті спортшылары ел намысын қорғауға аттануда.