ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ АРҚЫЛЫ ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР АШЫЛУДА

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» дегендей Мемлекет басшысының аймақтарда ішкі және сыртқы инвестиция тартудың қарқынын төмендетпеу бойынша тапсырмаларын орындау жолында Түркістан облысының әкімдігі жоспарлы жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Аймақтың әр қала және аудандарында инвестиция тарту арқылы жаңа кәсіпорындар мен цехтар ашылуда.
Таяуда облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов та аймақтағы салаға қатысты жұмыстармен, тартылып жатқан инвестицияларды бағамдады. Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Отырар ауданына арнайы келіп, «Алтын Дала Мақта» мақта өндеу зауытының жұмысымен танысты.
Шетелдік инвестормен кездесіп, жоспарларын тыңдады. Инвестор Түркістан облысында мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру бағытында бірқатар жобаны жүзеге асыруға ниетті. Ол 47,6 млрд.теңгеге су үнемдеу технологиялары арқылы мақта дақылын өсіру жобасын қолға алып, 750-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.
Сонымен қатар Отырар ауданында 3 зауыттың құрылысы басталды. Нақтырақ айтқанда, 2 мақта өңдеу зауыты және тамшылатып суару жүйесін шығаратын кәсіпорын салынады.
Аралау барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев су нысандарында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды баяндады.
Өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Нұржан Нұржігітов аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына жұмыс қарқын бәсеңдетпеуді тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жалғасуда. Өңір басшысының тапсырмасымен Түлкібас ауданында да жобалар жоспарлануда.
«Қарқын Трейд» ЖШС биылғы жылдың күз айларында Жабағылы ауылының маңынан жылына 100 мың тонна құс етін өндейтін өндірістің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Бүгін аталған кәсіпкерлер аудан әкімі Асқар Естібаевтың қабылдауында болып, жобаны іске асыру барысын талқылады. Ауданның басты даму жоспарына енген жалпы құны 28 млрд. теңгені құрайтын жоба 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бұл жерде өндіріс ошағы негізгі төрт бөліктен яғни, құс ұстау орны, жем шығаратын цех, балапан ашатын орын (инкубатор) және қасапханасынан тұрмақ. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 268 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.Кәсіпкелермен жобаны егжей-тегжейлі талқылаған аудан басшысы ол жердегі ашылатын жаңа жұмыс орындарының 95 пайызына жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды ескертті. Жауапты мамандармен осы бастан қажетті инфрақұрылыммен (су, электр желісі) қамту жағын пысықтауды тапсырды.
Жоба иелерінің қосымша жер телімін қарастырып беру мәселесін назарға алып, бүгінгі таңда бөлінген 104 гектар жерге құрылыс жұмыстарын бастай беру керектігін атап өтті. Қажеттілігіне қарай қосымша жер телімі қарастырылатындығын жеткізді.
Айта кетейік, өндіріс орны іске қосылған жағдайда ол жерде жұмысқа қабылданған азаматтар сол мекеме тарапынан мамандығына қарай арнайы курстардан өтеді.
Төлеби ауданы Кемеқалған ауылдық округінде орналасқан «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативі табиғи шырын дайындайтын цехты іске қосуда. Цех қуаттылығы тәулігіне 1 тонна шикі өнімді өндіруге қауқарлы. Жоба құны – 682 412 500 теңге. Кәсіпкер жеміс өнімдерін сақтайтын 500 тонналық қойма құрылысын өз қаржысы есебінен аяқтауға жақын. Цех іск қосылғанда алма, шие, қара өрік шырынын дайындауды жоспарлап отыр.
Өндірістік кооператив иелігіндегі 138 гектар аумақтың 110 гектарына 300 мыңға жуық қарқынды алма бауын еккен. Тамшылатып суару жүйесі арқылы өсірілген «Гренни Смит», «Айдаред», «Голден делишес», «Гала» сортты алмаларын еліміздің барлық өңірлерімен қатар, алыс-жақын шетелге экспорттайды.
Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Амантайұлы цехтың құрылысы, өндірістік кооператив жұмысымен танысты.
Түркістан облысы мемлекеттік сатып алу басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер бойынша құқықтық оқыту өтті. Семинарға облыстық басқармалардың қызметкерлері мен онлайн байланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Нұрлан Аманқұлов заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы кеңінен тоқталып, заңбұзушылықтардың алдын алу мен біліктікті көтеру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жауапты тұлғаларға мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар жиында «Тауарларды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Дастан Байдалиев 2025 жылы күшіне енген Заңда сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды және бәсекелестікті дамыту бойынша талаптары туралы толық ақпарат берді.
Жиынға қатысушылар сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.