ЖАҢА СУ ҚОЙМАСЫНА 500 МЫҢ ШАБАҚ САЗАН ЖІБЕРІЛМЕК

0
66

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлердің экономикалық қуаттылығын арттырудың мемлекеттің өркендеуінің кепілі екенін айтып келеді. Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды болса ондағы тұрғындардың өмір сүру деңгейі жоғары болады. Азаматтардың басым бөлігі жұмыспен қамтылады. Бұған қол жеткізу үшін Президент айтқандай жаңа жұмыс орындарын ашу, қабілеті бар, ынтасы бар азаматтардың жеке кәсіптерін ашуына ранттар беру, қолдау мен жеңілдіктер жасау арқылы көмектесу керек.
Өңірлерде жаңа кәсіптерді енгізіп, меңгеру де экономиканы көтеруге септік етеді. Соңғы жылдары Түркістан облысының аудандары мен қалаларында балық шауашылығын қолға алушылар қатары күрт өсіп келеді. Өзен-көл, тоғандар мен жасанды су қоймалары бар өңірлерде, сол сияқты кәсіпкерлердің өздерінің жасаған жасанды су тоғандарында балықтың бірнеше түрлерін өсіру қолға алынған. Солардың қатарында Қазығұрт ауданының балық өсірушілері де бар.
Қазығұрт ауданы облысымызға ауылшаруашылы дамыған, аграрлы аудан ретінде белгілі. Дегенмен, ауданда балық шаруашылығы соңғы жылдары қолға алынып, күн сайын дамып келеді. Бұл бағытта жұмысты жандандыру үшін бүгінгі таңда мемлекет тарапынан арнайы қолдаулар көрсетілуде. Осыны пайдалана отырып «Сәбит» шаруа қожалығы Шарбұлақ ауыл округі Ақбастау елді мекенінде орналасқан «Ағанай» су қоймасында жалпы жоба құны 1,5 млрд теңгені құрайтын балық шаруашылығын ашып, кәсіпті дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүруде. Атап айтқанда, 2024 жылы қоймадағы барша су ағызылып, қойма іші балшық пен қоқыстан тазартылған. Бүгінгі таңда су қоймасының құрылысы күшейтіліп, ескірген тұстары қайта жаңартылуда.
Жоғарыда аталған құрылыс жұмыстарын көру үшін аудан әкімі Азизхан Исмаилов Шарбұлақ ауыл округі Ақбастау елді мекеніне арнайы барды. Жасалып жатқан істерді көріп, шаруа қожалықтың құрылысқа жауапты мамандарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының инвестициялық жобаларды қолға алу бойынша тапсырмалары мен облыс әкімінің нұсқамаларын айта отырып, балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығын, сол жердегі тұрғындарға ешқандай зияны тимеуі керек екенін де ескеруді тапсырды. Жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, заң аясында қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, атаулы жобаны 2025 жылы іске қосу жоспарлануда. Жоба балық өсіру мен өңдеу бағытында жұмыс жасап, алғашында 500 мың дана сазан балығының шабағын салу көзделіп отыр. Жоба іске қосылған сәттен бастап 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 1000 тонна балық өндіретін болады.
Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірдегі елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Таяуда
Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауыл округіне қарасты Көктөбе елді мекеніне газ нысанының құрылысы аяқталып, іске қосылды.
Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков арнайы барып, тұрғындарды құттықтады. Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары мен халық қалаулылары көгілдір отынның алауын жағып, ізгі ниеттерін білдірді.
«Ақбастау-К» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2023 жылы бастаған. Жалпы ұзындығы 19,344 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 300-ге жуық абонетке газ жеткізілді.
Айта кетейік, Ордабасы ауданы бойынша 57 елді мекеннің 61,4 %-ы табиғи газбен қамтылып отыр. Қазіргі уақытта Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту жұмыстары 4 кезеңмен іске асырылуда. Биыл 4 нысанда құрылыс жұмыстарын аяқтау көзделген.