ДЕРЕКҚОР БАЗАСЫН СӘЙКЕСТЕНДІРУ БОЙЫНША ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуында ауыл шаруашылығының, оның ішінде мал шаруашылығының маңызы жоғары. Көзін таба білсе ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан төрт түлік малды асырап-бағу көл-көсір табыс көзі екені белгілі. Тек мал шаруашылығында заманауи технологияларды, цифрландыру мен электроникадық жүйелерді тиімді пайдаланып, жұмысты ілімділікпен жүргізе білу қажет.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын арттыру бойынша атқарылуға тиісті жұмыстар жайында тәптіштеп айтты. Соның ішінде ауылды дамытуға, егін, мал шаруашылығы саласына да тоқталды. «Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты.
Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек,» дей келе сандық технология туралы «Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана.Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет.
Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады» дей келіп, мал шаруашылығының саласында да сандық технологияларды енгізу қажеттігін айтқан еді.
Шындығында, қазіргі заманда ғылымның, электроникалық салалардың қатты дамығаны соншалықты, олардың кірмеген саласы, жетпеген аймағы қалған жоқ. Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстан сандық технологияларды меңгеруде алдыңғы лекте келе жатыр. Соған қарамастан агросекторда, оның ішінде мал шаруашылығында да озық технологияларды енгізу жаңа деңгейге көтерілуіге, жұмысты ұйымдастыруды еселеп жеңілдетіп, қомақты табыстарға жетуге жол ашады.
Түркістан облысында статистикалық есеп пен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасын сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ветеринариялық іс-шаралар жүргізу барысында анықталған бірдейленбеген 14 мыңнан астам мал басы бойынша дерекқор базаға енгізіліп, есепке алынды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке ветеринария саласының цифрландырылуы және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру шаралары, саланың өзекті мәселелері баяндалды.
Түркістан облысы ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбайдың мәлімдеуінше, ҚР Үкіметі тарапынан ветеринария жүйесін реформалау жүргізілуде. Қазіргі кезде ветеринария саласы бойынша 5 база бойынша цифрлық форматта жұмыс істеледі.
Облыста жұмыс тобы құрылып, олар аудан, қалаларда ауыл шаруашылығы кешенін, жер, ветеринария, ауыл шаруашығы субсидиясы және шаруашылық жүргізуші азаматтардың салық төлеуге қатысты мәліметтерін 4 бағыт бойынша зерделеген болатын. Нәтижесінде салықтан жалтару, мал басын дұрыс көрсетпеу, жерді тиімді пайдаланбау деректері жиі тіркелген. Мал басы бойынша ресми статистика мен зерделеу барысында үлкен айырмашылықтар байқалған.
Облыс әкіміге осы мәселелерді ретке келтіруге арналған инновациялық мобильді қосымша мен веб-портал таныстырылды. Ветеринария саласындағы мәселелерді тез, әрі тиімді шешетін, жұмыс барысын автоматтандыратын, шаруаға, ветеринарларға және жергілікті әкімшілік органдарға ыңғайлылықты арттыратын жоба жан-жақты талқыланды.
Түркістан облысының әкімі жауапты басшыларға ветеринария, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдерді тарқату жөнінде нақты тапсырмалар берді. Пилоттық жобанының тиімділігін егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды.