Жас ұрпақты қолдау мен қорғау мәселесі

0
48

Елімізде жас ұрпақты қолдау мен қорғау мәселесі соңғы жылдары күн тәртібінен түскен емес. Қайта мемлекеттің бастамасымен баланы қорғау бойынша нақты шаралар қабылданып, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау жұмысы жандана түсуде.
С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатында Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі көшпелі отырысы өтті.
Жиында мектеп басшысы Г.Муратованың «С.Ерубаев атындағы №7 жалпы білім беру мектебінде білім сапасы, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, ерте жүктілік және өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бойынша 2024 жыл атқарылған жұмыстар және қиын оқушылармен орын алған мәселелер» тақырыбында баяндамасы тындалды.
Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысының төрағасы М.Қырықбаев бала тәрбиесі, ата-аналармен мектеп мұғалімдермен байланысы туралы және алдағы уақытта мектеп жатақханасында жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары туралы сөз қозғады.
Мектепте қазіргі таңда полиция есебінде оқушы тіркелмеген, мектепішілік есепте 5 бала бар. Мектеп тарапынан 18 отбасының баласы тәуекел тобына еніп отыр. Алдағы уақытта алдын алу шаралары күшейтілмек.
Сайрам ауданында да қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы орайда аудандық прокуратура, полиция басқармасы және білім бөлімінің ұйымдастыруымен кәмелетке толмаған балалар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында өткен жылы атқарылған жұмыс нәтижесін және ағымдағы жылға қойылған жоспарды талқылау, проблемалық мәселелерді шешу мақсатында Құрманбек Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде мекемаралық жиналыс өтті.
Жиынға аудан прокуроры Дәулет Тлемисов, аудандық полиция басқармасының бастығы Мұрат Ермеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Алипов аудандық білім бөлімінің мамандары мен әдіскерлері, білім беру ұйымдарының директорлары, педагог-психологтар, ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.
Кездесу барысында құқықтық тәрбие беру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында нашақорлыққа, суицидке жол бермеу, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы, осы мақсатта құқық бұзушылықтың алдын алу және олармен күресу жолдары баяндалып, атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда және көшеде ата-анасыз жүрмеуін қадағалау мақсатында тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізілетіндігі айтылды.
«Құқық бұзушылық», «алаяқтық», «буллинг» термині түсіндіріліп, оның түрлері мен зардаптары туралы мәлімет берілді. Жасөспірімдер мен он алты жасқа дейінгі балаларға мопед, мотоцикл техникаларын басқаруға қатаң тыйым салынатындығы туралы ескертілді. Жиын соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті.
Сол сияқты Сайрам аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы мен №23 өрт сөндіру бекеті қызметкерлерінің кәсіби қызметтері кішігірім қайырымдылық іспен көрініс тапты.
Нақтырақ айтқанда, төтеншеліктер Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округі, Қасымбек Датқа ауылында орналасқан «Түркістан облысының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі жасөспірімдерге өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында төтеншеліктер балалардың өрт сөндіру саласына деген қызығушылықтарын арттыру, болашақтарын осы мамандықпен байланыстыру мақсатында оларға өрт сөндіру ойыншық машиналарын сыйлады. Бұдан бөлек, естерінде ерекше сақталуы үшін сыртында тілсіз жаудан қорғану қағидалары жазылған түрлі тәттілер таратты. Және өрт қауіпсіздігі туындаған жағдайда қорғану әрекеттерін, техникалық құралдарын көрнекі түрде көрсетіп, оларды қолдану тәсілдерін түсіндірді. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтау қажеттілігін атап айтты.
Шардара ауданының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын корғау жөніндегі комиссия төрағасы, аудандық әкімінің орынбасары Б.Шомпиевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынға аудандық білім, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің жауапты қызметкерлірі және құқық қорғау орган қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіндегі аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының инспекторына жүктелген міндеттері және аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссияның 2024 жылы атқарған жұмыстары туралы баяндамалар жасалды.
Комиссия мүшелері атқарылған жұмыстарды саралап, ағымдағы жылдағы жұмыс жоспарларын пысықтады.