«ҚАМҚОРЛЫҚ» ЕКІ ЖҮЗДЕН АСТАМ АДАМҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН

Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы мемлекеттік деңгейде жұмыс жасалынып, заң актілері қабылдануда. Мемлекеттің тірегі – отбасы десек әр отбасында оның мүшелері жайлы да қауіпсіз, ынтымақ пен түсіністікте тұрмыс кешуі керек. Сонда мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық ахуал қалыпты болып, адамдардың құқығы қорғалатын болады. Түркістан облысында қиын жағдайларға тап болып құқықтық, психологиялық, әлеуметтік қолдауларға зәру отбасыларына қолдау көрсететін «Қамқорлық» отбасын қолдау орталықтары жұмыс жасайды. Сол сияқты отбасын зорлық-зомбылықтан қорғау және оның алдын алу бойынша құқық қорғау және қоғамдық мекемелер жоспарлы жұмыс жасап, «Тұрмыс» сияқты профилактикалық акциялар өткізіп отырады.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Қамқорлық» отбасын қолдау орталығына» барып, жұмысымен танысты. Арман Романұлы мамандармен мекеменің бүгінгі әлеуетін саралап, шұғыл түрде кең ғимаратқа көшіру бойынша жұмыс жасауды жеткізді. Артынша мекемені көшіретін ғимаратқа барып, ол жерді жөндеп, ретке келтіру керектігін тапсырды.
Бұл орталық өмірде қиын жағдайға тап болған адамға немесе отбасыларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетумен айналысады. Орталық 2024 жылы 212 адамға қызмет көрсеткен.
Шардара ауданы аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың қаңтар айының соңғы онкүндігінде аралығында өтті. Акцияның мақсаты: отбасындағы озбырлықтың жолын кесу, алдын алу, отбасы құндылықтары, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңгерлік кеңес беру және дағдарыс орталықтары мен сенім сымтетіктерінің бар екені жөнінде халыққа хабарлау болып табылады. Іс шара барысында жайсыз отбасылармен қорғау нұсқамасына алынған отбасылар тексеріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Отбасындағы зорлық-зомбылық бұл қылмыс! Отбасында кікілжің тудырғандар, әлсіздерге жәбір көрсеткендер заң алдында әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан жақындарыңызға жанашыр, қорған болыңыз!
Шара аясында полиция қызметкерлері басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесе отырып, ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жерлеріне кешенді тексерістер жүргізді, сондай-ақ осы салада құқық бұзуға бейім адамдарды анықтады. Ерекше назар зорлық-зомбылық жағдайларын анықтау мен тоқтатуға, сондай-ақ отбасындағы тәртіп пен қауіпсіздікті бұзатын өзге де құқық бұзушылықтарға аударылды.
Тексерістер құқық бұзуға бейім тұлғалармен қатар, осал жағдайдағы адамдарды, соның ішінде әйелдер мен балаларды да қамтиды. Бұл олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
«Тұрмыс» профилактикалық шарасы Шардара ауданының барлық тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Сол сияқты «Тұрмыс» жедел-профилактикалық, заңгерлік және тәртіптік іс-шарасы аясында Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» ғимаратында азаматтарға құқықтық, психологиялық кеңес беру мақсатында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы және некені сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға заңдық және психологиялық қолдау көрсету, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында және алкогольдік мас күйінде жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
Аталған іс-шараға Сайрам ауданының ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің басшысы-аға сот орындаушысы Е.Киргизов, Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімшесінің инспекторы полиция лейтенанты А,Алихан, Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімшесінің полиция-аға лейтенанты С.Маханбет, Түркістан облысы атқарушысы округінің жеке сот орындаушысы Т.Амангельдиев, Сайрам аудандық орталық ауруханасының бас психологі Б.Куанишов, Сайрам аудандық жұмыс іздеушілерді қолдау бөлімінің басшысы Қ. Әсілов, Сайрам аудандық Білім бөлімінің әдіскері Г. Нуртанова, Қарасу ауылдық әкімдігінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі бас маманы М.Бекешов, Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Отбасын қолдау орталығы» КММ қызметкерлері қатысты.
«Ашық есік» күні аясында келген отбасыларға психологиялық, атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, ақылы қоғамдық жұмыс, некенің бұзылуына байланысты бала бөлісу мәселесі бойынша заңгерлік кеңестер берілді. Алдағы уақытта аталған азаматтардың мәселесінің орындалуы тиісті мекеме басшыларының назарында болады.