Халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылуы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл халқын сапалы инфрақұрылыммен, оның ішінде ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындап шығу Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттың бірі болып отыр.
Халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылуы аудан басшысы Арман Сабитовтың жіті бақылауында. Өткен жылы аудандағы 12 нысанның ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаның іске асыру үшін аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда нысандардың құрылысы аяқталған. Бұл туралы аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Керімбеков мәлімдеді.
– Өткен жылы Жібек жолы ауылының ауыз су құрылысы үшін облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, нысан құрылысы аяқталды. Одан бөлек 2 нысан биылғы жылға өтпелі болды. Биыл ауданда Жібек жолы ауылындағы су құбыры желісін күрделі жөндеу жұмыстары, Қарабұлақ ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы және Арыс ауылдық округіне қарасты Нұржанқорған, Қожақорған ауылдарына ауыз су құбырларын салу жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек аудандық бюджет есебінен Ақсу ауылының Сұраншы батыр көшесінің ауыз су құбырын ағымдағы жөндеу жұмыстары мен Қарамұрт және Низамабад ауылдарының ауыз су жүйелеріне жобалық сметалық құжаттары әзірленеді, — деді бөлім басшысы.
Жиын барысында бөлім басшысы аудан аумағын табиғи газ, сапалы электр желісі, абаттандыру, көгалдандыру, тұрғын үй және санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді баяндады. Одан бөлек салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Өз кезегінде аудан басшысы Арман Сабитұлы жобаларды мерзімінде, сапалы орындау қажеттігін айтып, бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар санитарлық тазалық нормаларын бұзған азаматтардың жауапкершілігін қарау бойынша жұмыстарды жүйелеу қажеттілігі айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның ішінде көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда Сайрам ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жүйелі жұмыстардың барысы аудан басшысы Арман Сабитовтың қатаң бақылауында тұр.
Аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жол құрылысы мен жөндеу саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Осы тақырыпта өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары мен ауылдық округтерінің әкімдері қатысты. Жиынды ашқан аудан басшысы Арман Сабитұлы көтеріліп отырған тақырып – ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Жол сапасы ауданымыздың әр тұрғынын алаңдатады. Жолдар – экономиканың күре тамыры, елді мекендерді дамытудың ең маңызды шарты және өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіру қажет», – деген аудан басшысы жол сапасына объективті және субъективті себептеріне талдау жасады.
Сайрам ауданындағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1 298,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде 22 шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, 183,9 шақырым облыстық маңызы бар жолдардың үлесінде. Ал, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 140,5 шақырым болса, 951,7 шақырым жол елді мекендердің ішкі көшелерінің теңгерімінде.
Өткен жылы Ақсукент елді мекенімен Манкент, Сиқым және Жібек Жолы елді мекендерін қосатын КХ-40 автомобиль жолы жөндеуден өтіп, қолданысқа берілсе, бүгінде Сайрам ауданындағы КХSR-24 КХ-41 «Қарасу-Қызылту-Сайрам» КХ-3 «Көксәйек-Шаян» Ақсу өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 2024 жылы Қарасу ауыл округі аумағы арқылы өтетін аудандық маңызы бар КХSR-1 «Қарасу-Ақбай-Жаңатұрмыс-Бескепе-Ынтымақ» автомобиль жолының 0-7,6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл аудандық маңызы бар «Оймауыт-КХ-37», «Манкент-Сайрам-KX-3», «Ақсуабад-Қарабұлақ» және «Аксуабад-Шапырашты-Береке-Ынтымак» автомобиь жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы аудандағы ішкі және аудандық маңызы бар жолдардың 102 шақырымы жөнделеді.