МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ ҚОЛҒА АЛЫНУДА

Қазақстанның оңтүстігінде республика бойынша мақта дақылдарын өсіретін аудандар орналасқан. Қазіргі заманда мақта кластерін дамыту арқылы ғана өсірілген мақтадан табыс тауып, пайдаға кенелуге болады. Өйткені, бүгінде әлемдік мақта шаруашылығы мен мақта өнімдері саласында бәсеке жоғары, ірі мақта өндірушілер мен мақтадан өнім шығарушылар нарықты өз қадағалауында ұстап отырады. Сол себепті де бұрынғыдай мақта егіп, одан жиналған ақ ұлпаны шикізат түрінде сатуға шығару мақташы-диқандарға табыс әкеле қоймайды. Ендігі жерде мақтаның суді аз қажетсінетін, бірақ жоғары өнімділікпен шитті мақта өнімін беретін сұрыптарын жерсіндіріп, егу, баптап өсіру арқылы мол өнім жинап, оны толыққанды өңдеп, түпкі өнім шығару тізбегі арқылы тауарлық дәрежеге көтеру арқылы ғана мол табысқа кенелуге мүмкіндік бар.
Түркістан облысында соңғы жылдары осы бағытта көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді. Көрші мемлекеттермен мақта кластерін дамыту бойынша тәжірибе алмасып, инвестиция тарту бойынша тынымсыз жұмыстар жүргізілуде. Ол жұмыстардың арқасында облыста мақта-тоқыма кластері дами бастады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Global Textile Group» компаниялар тобының жетекшісі Музаффар Разаковпен кездесіп, мақта кластерін дамытуға бағытталған жобаның жүзеге асу барысын талқылады.
Өзбекстанның мақта-тоқыма кластерімен айналысатын ірі компанияларының бірі «Global textile» Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тоқыма фабрикасы мен логистикалық орталық ашу бойынша жұмыс жүргізуде. Шетелдік компания 2000-нан астам тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын 5 ірі кәсіпорынды іске қосады. Жоба құны – 21 млрд.теңге.
«Global textile Turkistan» жобасы аясында логистикалық орталық, мақта өңдеу зауыты, тоқыма фабрикасы, бояу, иіру цехтары мен тігін фабрикалары іске қосылады. Жылдық қуаттылығы 13,8 мың тоннаны құрайтын мақта өңдеу фабрикасы салынады. Дайын өніммен ішкі нарықты қамтып, Еуропа мемлекеттеріне экспорттау көзделген. Өндірісте Швейцария елінің технологиясы қолданылады.
Фабрикаға қажетті инфроқұрылымдармен қамту үшін жол карта әзірленген. Облыс әкімі бірлескен жобалардың жоспарға сәйкес жүзеге асырылатынын, оның барысында әкімшілік тараптан жан-жақты қолдаудың жалғасатынын жеткізді.
Компания 2024 жылы «Наманган-77» тұқымдық шитін алып келді. Шаруалар тарапынан 3,2 мың гектар егістік алқабына мақта егіліп, мол өнімге қол жеткізілді. Сонымен қатар мақта дақылын қабылдау үшін жылдық қуаттылығы 10 мың тонна мақта қабылдау бекетінің құрылысын аяқтады.
Жергілікті шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарылуда. Өзбекстаннан арнайы агроном мамандары егу, жинау маусымында диқандармен тәжірибе алмасуда. Жоспарға сәйкес 2027 жылы тоқыма фабрикасы іске қосылады.
«Global textile» компаниясы – мақтадан иірілген жіп, мата және киім тігуге дейінгі кластерді толығымен қамтитын өндіріс алыбы. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент пен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорнында барлығы 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.