МЕМЛЕКЕТТІҢ ДАМУЫ ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ

0
51

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында қазақстандықтардың денсаулығына байланысты мәселелерді үнемі айтып келеді. Жаңа Қазақстанды құру мен бәсекеге қабілетті мемлекет құру үшін азаматтардың денсаулығы мықты, медициналық қызметтердің сапасы қолжетімді әрі сапалы болуы қажет. Сол сияқты елді мекендердегі инфрақұрылымдар жүйесі де жетілдірілген болуы тиіс. Сонда тұрғындардың еңбек ету белсенділігі артып, еңбек өнімділігі жоғары болмақ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына іссапары барысында аудандық емхананың жұмысымен танысып, қызметкерлермен кездесіп, еркін пікір алмасты. Облыс әкімі денсаулық сақтау мекемесінің жұмысын саралап, медициналық қызмет көрсету саласындағы сапа мен тиімділікті одан әрі арттыру қажеттігіне тоқталды. Аудан тұрғындарының денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқаратын мекемелердің жұмысын тұрақты түрде жетілдіріп отыру маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекеттің дамуы халықтың денсаулығымен тығыз байланысты. Сондықтан облыс тарапынан медицинаға тұрақты қолдау көрсетілуде. Ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға әзірміз. Ең бастысы – тұрғындардың денсаулығын жақсарту жолында жүйелі тірлік атқару керек. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деген Нұралхан Көшеров дәрігерлермен кездескен соң емделушілерге де барып, пікір алмасты.
Саурандағы емхананың медициналық құрылғылары мен жабдықтары жаңарып келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаржыландыруымен емханаға флюрографиялық аппарат алынды. Сонымен қатар «Шорнақ» бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығына жаңа ультрадыбыстық зерттеу аппараты орнатылып, бүгінде оның көмегімен жоғары сапалы зерттеулер жүргізілуде. Одан бөлек, жедел медициналық жәрдем бөлімі 3 жаңа санитарлық автокөлікпен толықтырылды. Емхана денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидаларына сәйкес аккредиттеуден өтіп, 1-ші санатқа ие болды.
Айта кетейік, Сауран аудандық емханасы 73 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Емханаға 31 құрылымдық бөлімше бекітілген. Оның ішінде 5 бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы, 10 дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшерлік-акушерлік бекет және 3 медициналық бекет бар. Бұл бөлімшелер халыққа медициналық көмек көрсету бағытында қажетті қызметтерді ұсынады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда барлық азаматқа қолайлы жағдай, жайлы инфрақұрылым жасақтауды тапсырған болатын. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына іссапармен барып, өңірдегі маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің жұмысымен танысты. Бұл орталық 2023 жылы пайдалануға беріліп, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытында белсенді қызмет атқаруда.
Ғимарат алаңы – 750 метр. Сауықтыру орталығының айына 100 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Күнделікті 25 адамға қызмет көрсетіледі, ал курстардың ұзақтығы екі айды құрайды. Бұл мекемеде 20 адам тұрақты жұмыс істеп, тұрғындарға түрлі әлеуметтік қызметтер ұсынады.
Орталықтың қызмет көрсету аясы кең. Мұнда әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық және өзге де қызмет түрлері көрсетіледі. Әлеуметтік қызметтер тұрғындардың өмір сапасын көтеріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сондай-ақ психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге бағытталған.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров әлеуметтік қолдау көрсету саласындағы қызметтің маңызын атап өтті. Орталықтың қызметкерлері мен басшылығына халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстары үшін алғыс айтты. Көмек алушылармен кездесіп, жағдайларын сұрады.
Айта кетейік, облыста осындай әлеуметтік жобалар арқылы мұқтаж азаматтарға, зейнеткерлер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына үлкен көмек көрсетілуде.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына іссапармен барып, ауданның өндірістік әлеуетімен танысу барысында «EDEM MEBEL» жиһаз фабрикасының жұмысын қарап шықты. Бұл фабрика корпустық жиһаздар шығару саласында қызмет етуде және аймақтың өнеркәсіптік дамуына маңызды үлес қосып отыр.
Нұралхан Көшеров фабрика жұмысын оң бағалап, оның сапалы өнім шығару және тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттерді атқарып отырғанын атап өтті. Өңірде кәсіпорындардың дамуына қажетті қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында барлық қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Фабриканың директоры Икбол Абишев кәсіпорынның жұмысын таныстырып, фабриканың қазіргі жағдайы мен жетістіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда фабрикада 40 тұрақты қызметкер жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Бұл кәсіпорын өңірдегі еңбек нарығында маңызды рөл атқарып, көптеген отбасы үшін тұрақты жұмыс орнын ұсынып отыр. Жиһаз фабрикасының жылдық қуаттылығы – 10 мың дана түрлі жиһаз. Аймақтық нарықта үлкен сұранысқа ие. Фабрика шығарған өнімдер Шымкент қаласы мен Түркістан, Қызылорда облыстарында сатылымға шығарылады.