САЙРАМ АУДАНЫНДА 401 СПОРТ НЫСАНЫ БАР

0
55

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта Түркістан облысының Сайрам ауданында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінуде. Бүгінде өңірде 400-ден астам спорт нысаны бар. Оның ішінде 118 спорт залы болса, 4 спорт кешені, 252 спорт алаңы, жүзу бассейні мен стадиондар, теннис корты, оқу-жаттығу жиындарын өткізетін орталық сынды нысандар тіркелген.

– Бүгінде ауданда 10 коммуналдық мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері тіркеліп, аталған спорт мекемелерде 18 спорт түрінен 11 ауыл округтерін қамтып отыр. Аталған мекемелерде 390 оқу тобымен 7 080 спортшылармен 151 жаттықтырушы, 25 әдіскер және 13 спорт нұсқаушысы жұмыс істеуде. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 2024 жылдың жыл басынан желтоқсан айына дейін спорт мекемелері және демеушілер тарапынан 158 іс-шара өткізілген. Оған 14 300 адам қамтылды. 2024 жылы спорт нысандарында жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін спортқа 14-18 жас аралығындағы 2000 жастар тартылды. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысымен жастарымыз аудан қоржынына 38 алтын, 36 күміс, 54 қола салды. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау деп түсінемін, — дейді Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даулетхан Алашбаев.

Айта кетейік, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен Сайрам ауданының Қарасу ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Онда Қарасу, Ақбай, Жаңатұрмыс, Бескепе және Қызылсу ауылдарынан 800 ге жуық жастар мен жасөспірім балалар бокс, күрес, волейбол, баскетбол, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен айналасуға және облыстық, республикалық деңгейде спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік болады. Сонымен қатар, жеке инвесторлар тарапынан Қарасу, Қарабұлақ, Арыс және Ақарыс ауылдарында спорт нысандары бой көтеруде.

Түркістан облысының Сауран ауданында әйелдер күресінен жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты болып өтті. Аталған біріншілікке Сайрам ауданының жасөспірім спортшылары да қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Атап айтқанда, 73 келі салмақ дәрежесінде Көркем Танысбек пен 66 келі салмақ дәрежесінде Гулжауһар Тохан күміс жүлдені қанжығасына байласа, бес бірдей споршылар түрлі салмақ дәрежесінде сайыстың жүлделі үшінші орын иегері атанды.

Айта кетейік, аталмыш чемпионатта 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер мен 2010-2011 жылы туған кіші жасөспірімдер өзара кіл мықтыны анықтады. Жалпы Түркістан облысының барлық аудандарыннан екі жүзге тарта спортшы қыздар қатысып, 22 салмақ дәрежелері бойынша белдесті.

Сайрам ауданында грэпплингтен балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Түркістан облысының ашық кубогі сарапқа салынуда. Айтулы жарыс қатысушылардың салмақ және жас ерекшеліктеріне қарай Халықаралық әуесқой грэпплинг қауымдастығының (AIGA) ережелері мен талаптарына сай өткізілуде.

Спорттық сайысқа Түркістан, Арыс қалалары, Түлкібас, Сайрам, Созақ, Кентау, Келес, Шардара және Қазығұрт аудандарының ең үздік спортшылары қатысуда. Маңызды шараға Түркістан облысы бойынша панкратеон және грэпплинг федерациясының президенті Асқар Айымбетов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Асқаров, аудан прокурордың орынбасары Жасұлан Егемберді қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Бұл жарыс спортшылар үшін үлкен мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктерге жол ашатыны сөзсіз. Барша қатысушыларға сәттілік тілей отырып, болашақта үлкен чемпиондар болып, еліміздің абыройын асқақтататындарына сенім білдіреміз. Спортшылардың еңбегі мен ерік-жігері тек жеңістерге жеткізсін», — деді Асқар Айымбетов.

Айта кетейік, айтулы спорттық шара Ақсукент ауылындағы «Қайрат» спорт кешенінде өтіп, оған облыс аумағындағы 10 аудан, қалалардан келген 250 қатысушы өз салмақ дәрежелерінде жүлделерді сарапқа салады. Турнирдің басты мақсаты – тұрғындарды салауатты өмір салтына ынталандыру, Қазақстандағы грэпплинг спортын дамыту әрі насихаттау және де алдағы уақыттарда өтетін халықаралық жарыстарға қатысатын Түркістан облысы құрамасының спортшыларды іріктеу болып табылады.

Сайрам ауданына қарасты Ақбұлақ ауылындағы мәдениет үйінде Ұлы Отан сағысындағы жеңістің 80 жылдығына және осы күнге жете алмай қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан таулы Қарабахтағы ұрысқа қатысушыларды құрметтеуге арналған жасөспірімдер арасында шахматтан аудандық турнир өтті. Турнирге әртүрлі жас категориясындағы 50-ден астам жас шахматшы қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатына Ақбұлақ ауылдық округінің ардагерлер төрағасы Серікбаев Батырбек Қадырбекұлы, ауданының бас имамы Оспанов Арыстан Оразалыұлы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Сарыбеков Нұрлан Өмірбекұлы, Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәрсенбиев Нұрлыбек Асылбекұлы, «Таулы Қарабах ұрыс қимылдары ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі» Сайрам ауданы филиалының төрағасы Бахтияр Батаев, «Ақсу жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Лапаев Рашид, Сайрам ауданы мәслихатының депутаттары Асанали Керимов, Дархан Айдарханов қатысып, жас шахматшыларға сәттілік тіледі.

Турнирге қатысушылар тек өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, Жеңіс күнінің маңызы туралы көптеген маңызды деректер мен естеліктермен танысты. Ұйымдастырушылар жас ұрпақтың өз бабаларының ерліктерін құрметтеуін және олардың есімдерін ұмытпауын қамтамасыз ету мақсатында арнайы тарихи ақпараттық стендтер мен естелік материалдар ұсынды.

Шахмат турнирінің нәтижесінде үздік ойыншылар әртүрлі сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен медальдар табысталды. Айта кетейік, турнирді аудандық «Ақсу жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Таулы Қарабах ұрыс қимылдары ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі» Сайрам ауданы филиалы ұйымдастырып өткізді.