БЮДЖЕТ ЗАҢЫНА ӨЗГЕРІСТЕР БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ ОҚЫТУ ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бюджеттік жоспарлау жүйесінің тиімділігін және ашықтығы мен есептілігін дамыту мақсатында жаңа «Бюджет кодексін» әзірлеу бойынша тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда жаңа «Бюджет кодексінің» жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының қарауында.
Сонымен бірге Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс.
Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр.
Бұл мәселені қоғам жіті бақылап отыр. Сондықтан бүкіл жұмыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүргізілуге тиіс. Халыққа саясатымызды түсіндіру керек» деді.
Одан әрі Мемлекет қаржысын барлық деңгейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор. Тіпті ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиіс.
Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспропорцияны ескергеніміз жөн. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобалар қаржыландырылуға тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қажеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керектігін қатаң тапсырды.
Осыған орай, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаевтың тапсырмасына сәйкес, Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ұйымдастыруымен бюджет заңнамаларына енгізіліп жатқан өзегерістер бойынша құқықтық оқыту семинары өтті. Семинарға облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары мен жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиында Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек алдағы жоспарлау кезеңінде бюджет заңнамалары бойынша өзгерістерді жұмыс барысында қолданып, бюджет қаражаттарының дұрыс жұмсалуы мен мақсатты пайдалануын бақылауды күшейтуді тапсырды. Жұмысты аса жауапкершілікпен орындау керек екенін айтып, қызметтік жауапкершілік қатаң қаралатынын ескертті.
Семинар барысында Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының қызметкерлері жаңа «Бюджет кодексінің» ерекшеліктері, мемлекеттік жоспарлау жүйесі, бюджет кірістерін болжау, жергілікті бюджетті жоспарлау кезеңдері, бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидалары, бюджеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау бойынша жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар қатысушыларға практикалық мысалдар келтіріліп, жаңа жүйенің артықшылықтары түсіндірілді. Стратегиялық және бюджетті жоспарлауды электронды форматқа ауыстыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бюджет саясатын жаңа деңгейге көтеруге, мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ететін маңызды жобаларды қаржыландыруға бағытталған.