Қазақстанда салық рақымшылығы болуы мүмкін бе?

Жуырда «Ақ жол» депутаттық фракциясы оффшорлық аймақтардан және басқа да шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялауды ұсынды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттардың ұсынысына жауап берді.
Офшорлық аймақтардан және басқа да шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жасау туралы ұсыныс елдің қаржылық орнықтылығын нығайту және инвестициялық әлеуетін арттыру жөніндегі ықтимал құралдардың бірі саналады. Сонымен қатар, бұл мәселе кешенді әрі салмақты тәсілді талап етеді», — деді ол.
Олжас Бектенов офшорлық аймақтардан және шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялау туралы мәселе мұқият әрі жан-жақты талдауды талап ететінін мәлімдеді.
«Рақымшылық жасау кезінде жасалған қылмыстық іс-әрекеттердің, әсіресе, егер олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған болса не террористік әрекеттермен, есірткі қылмыстарымен және басқа да ауыр құқықбұзушылықтармен байланысты болса, ауырлығын ескеру қажет. Сонымен қатар, төрелік даулардың тәуекелдерін, халықаралық келісімдер сақталуын, қайтарылатын активтер орналасқан елдердің ұлттық заңнамасын ескере отырып, қаржылық шығындарды зерделеу қажет», — деді Үкімет басшысы.