Смартфондарды бұғаттау бойынша жаңа мәліметтер

0
26

Қазақстанда жеке тұлғалар үшін смартфондарды тегін верификациялау мерзімі 25 маусымға дейін ұзартылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, елге 25 наурызға дейін әкелініп, ұялы байланыс желісіне қосылған смартфондарға міндетті верификация жүргізілмейді.

«25 наурызға дейін әкелініп, еліміздің азаматтары қолдана бастаған барлық смартфон верификацияланған болып саналады. Олардың IMEI-кодтары автоматты түрде «ақ» тізімге енгізілді», – деді Сейсембеков ОКҚ брифингінде.

Бизнес өкілдері мен халықтан түскен өтініштердің көп болуына байланысты кәсіпкерлер үшін смартфондарды заңдастыру мерзімі бұған дейін 25 мамырға дейін ұзартылған болатын.

«Бұл мерзімді 25 наурызға дейін телефондарды әкеліп, бірақ сата алмай қалған бизнеске бердік. Мұндай құрылғылар қоймада немесе сөрелерде тұрған, бірақ желіге тіркелмеген болуы мүмкін. Біз сатып алушыларға тәуекел болмас үшін бұл құрылғыларды базаға енгізу мүмкіндігін қарастырдық», – деді комитет төрағасы.