Сирия мен Түркия шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттері 14 шілдеден бастап тәулік бойы жұмыс істейді

Сирия мен Түркия арасындағы барлық шекаралық өткелдер 14 шілдеден бастап күн сайын тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Сирияның теңіз және құрғақ порттар жөніндегі бас басқармасы хабарлады.
«14 шілде, дүйсенбіден бастап Түркия мен Сирия арасындағы барлық шекаралық өткелдер тәулік бойы жұмыс істейтін болады», — деп атап өтті Al Watan газеті. Сондай-ақ бұл шешімнің «сириялықтардың отандарына оралуын жеңілдету және олардың ең қарбалас уақытында бақылау-өткізу бекеттерін босату үшін» қабылданғанын атап көрсетті.
11 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасының мәліметі бойынша, 2024 жылдың 8 желтоқсанынан бері 568 753 адам Сирияға көрші елдер арқылы оралды, оның ішінде 176 186 адам Ливан арқылы қайтып оралды.
Бұған бөлек , Түркия өзінің газ желісін Сириямен байланыстырды және жақын арада Сирияға газ жеткізуді бастауды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар ОПЕК-тің 9-шы халықаралық семинарында мәлімдеді.
«Сирияға келсек, жақында біз өзіміздің газ желісін Сирияға қостық. Жақында Сирияға газ жеткіземіз», — деді ол.
Әзірбайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы Socar бұл жобада Түркияның серіктесі болуы мүмкін, деді Байрактар.
«Осының арқасында біз Сириядағы электр энергиясын өндіру үшін газбен қамтамасыз ете аламыз және Сириядағы өмірді қалыпқа келтіреміз деп үміттенеміз», — деп қосты ол.
Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Әзірбайжан Сирияға көгілдір отын жеткізуге дайын екенін айтқан болатын.