Ресей мен Иран қорғаныс министрлері ынтымақтастықты нығайтуды талқылады

Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов Мәскеуде ирандық әріптесі Азиз Насирзадемен келіссөз жүргізді. Бұл туралы 21 шілдеде Иранның Ресейдегі елшісі Казем Джалали IRNA агенттігіне берген сұхбатында хабарлады.
«Бұл кездесудің басты назары қорғаныс және әскери салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту болды», — деп келтіреді оның сөзін Мәскеудегі Ислам республикасы елшілігінің Telegram арнасы.
Оның айтуынша, Белоусов Иранның рухани жетекшісінің аға кеңесшісі Әли Лариджани мен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуіне де қатысты.
Путин 20 шілдеде Кремльде Лариджаниді қабылдады. Иранның жоғарғы жетекшісінің аға кеңесшісі Таяу Шығыстағы және Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі шиеленіскен жағдайға өз бағасын берді. Ресей президенті өз кезегінде Тегеран өкіліне аймақтағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ұстанымдар туралы айтты.
Кейінірек, 21 шілдеде Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі Лариджанидің Путинге Иран президенті Масуд Пезешкянның жолдауын жеткізгенін хабарлады. Ислам республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Багайи апта сайынғы баспасөз мәслихатында: «Лариджани Ресей президентімен өте жемісті кездесу өткізді. Кездесу барысында олар кең ауқымды мәселелерді, әсіресе екіжақты қарым-қатынастар мен соңғы үш-төрт аптадағы оқиғалардан кейінгі аймақтық проблемаларды талқылады» деді.