Польшада ірі мұнай-газ кен орны табылды

Балтық теңізінде Польша жағалауында ең ірі мұнай-газ кен орны ашылды. Бұл туралы 21 шілдеде ТВП 3 арнасы хабарлады.
«Central European Petroleum (CEP) Польша тарихындағы ең үлкен кәдімгі көмірсутекті кен орнының ашылғанын хабарлады. Балтық теңізінде Свинуйшьеден 6 шақырым жерде бұрғыланған ұңғыма 22 миллион тонна шикі мұнай мен 5 миллиард текше метр тауарлық табиғи газдың барын растады», — деп жазады басылым.
Оператордың бағалауы бойынша, кен орнының қоры 33 миллион тонна мұнай мен 27 миллиард текше метр газды құрайды. Оның 22 миллион тоннасы 5 миллиард текше метрі өнеркәсіптік өндіріске жарамды, деп қосты Gazeta.Ru.
Польшаның бас геологы Кшиштоф Галоштың айтуынша, бұл жаңалық Польшаның болашақтағы энергетикалық қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етіп, сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті азайтуы мүмкін. Кен орнын пайдалану алдында геологиялық құжаттаманы әзірлеу және бекіту қажет болады.
Бұған дейін 26 мамырда Сауд Арабиясы мен Кувейт билігі бейтарап аймақта жаңа мұнай кен орнын тапқаны хабарланған болатын. Бұл бейтарап аймақ пен оған іргелес теңіз аймағындағы өндірістік операциялар қайта жанданғаннан кейінгі алғашқы ашылым екені нақтыланды.