Қасым-Жомарт Тоқаев Мұстафа Кемал Ататүрік кесенесіне зиярат етті

0
4

2025 жылғы 28 шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Түркияға келді. Оны елорданың халықаралық әуежайында Режеп Тайып Ердоған күтіп алды. Мемлекет басшысының Түркия Республикасына ресми сапары осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесінен басталды.

Қазақстан Президенті Анытқабір кесенесіне жерленген ұлы қайраткердің рухына тағзым етіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның достығы нығая беретініне сенім білдіріп, бауырлас түрік халқының өсіп-өркендеуіне тілектестігін жеткізді.

Гүл шоғын қою рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясының мүшелері де қатысты.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Барлинді қабылдаған болатын.

Кездесу барысында компаниямен логистика саласында өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді серіктестік орнату перспективасы талқыланды. Мемлекет басшысы елімізді Еуразиядағы жетекші транзиттік хабқа айналдыру үшін Орта дәлізді жан-жақты дамыту жұмыстары басталғанын жеткізді.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев S Sistem Lojistik компаниясының Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құру бастамасына қолдау білдірді. Жоба «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірге жүзеге асырылады.

Хусейн Барлин жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ компанияның алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларында да логистика орталығын кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, логистика инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту өте маңызды. Мұның бәрі транзит уақытын қысқартуға және экспорт инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.

S Sistem Lojistik – Түркияның логистика секторындағы жетекші инновациялық ұйым. Компания Ыстанбұл, Анкара, Измир және Анталья әуежайларында, сондай-ақ басқа да жерлерде жалпы аумағы 100 мың шаршы метр қойма желісін басқарады.