Қазақстан мен Түркия 490 миллион доллардан асатын келісімдерге қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары барысында бірлескен инвестициялық жобалар бойынша бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
«Қол қойылған жобалар бойынша инвестицияның жалпы көлемі 490 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл бастамалар ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, фармацевтикалық өндіріс және логистиканы қамтиды, бұл Қазақстан-Түркия инвестициялық серіктестігінің әртүрлілігі мен тереңдігін көрсетеді», — делінген хабарламада.
Атап айтқанда, астық және бұршақ дақылдарын терең өңдейтін интеграцияланған агроөнеркәсіп кешенін салу жобасы бойынша Инвестициялық келісімге қол қойылды. Жоба қуаттылығы тиісінше 250 мың және 80 мың тонна бидай және бұршақ өңдейтін заманауи зауыт салуды көздейді. Инвестиция көлемі 320 миллион долларды құрайды.
Шымкент, Астана және Алматы қалаларында үш логистикалық орталық салу туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Болжалды инвестиция көлемі 75 миллион АҚШ долларын құрайды.
Сондай-ақ «Қазпочта» АҚ мен түріктің S Sistem Yatirim Lojistik компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. Жоба Ақтөбе қаласында әуежай аумағында көпфункционалды логистикалық орталық салуды көздейді. Инвестиция көлемі 25 миллион долларға бағаланады. Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын зауыт салу жөніндегі Orzax Group компаниясының инвестициялық жобасын жүзеге асыру туралы Келісімге қол қойылды. Жоба қуаттылығы жылына 464 миллионнан астам өнім бірлігін құрайтын, болжамды инвестиция көлемі 70 миллион долларды құрайтын кәсіпорын салуды көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Orzax Group компаниясының Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салу шешіміне қолдау білдіріп, бұл бастама отандық фармацевтика саласын әртараптандыруға және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынын атап өтті. Селман Алимоғлы компанияның Қазақстанда өндірістік базаны кеңейтумен ғана шектелмей, ғылыми-зерттеу және инновация бағыттарын да дамытуға ниетті екенін жеткізді. Бүгінгі таңда Orzax Group биологиялық белсенді қоспалардың 150 түрін өндіріп, әлемнің 60 еліне экспорттайды. Қазақстандағы өндіріс жобасына компания 40 миллион доллар инвестиция құйып, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.