Таиланд пен Камбоджа қақтығысты шешу туралы келісімге келді

0
105

Таиланд пен Камбоджа шекарадағы шиеленісті реттеу туралы келісімді растады. Бұл туралы 7 тамызда Таиланд қауіпсіздік қызметінің өкілдері хабарлады.

«Куала-Лумпурде екі елдің жоғары лауазымды тұлғаларының кездесуінде атысты тоқтату режимін қатаң сақтауды қамтамасыз ету және шекарадағы шиеленісті азайту бойынша шаралар кешені бекітілді», — делінген.

Тайландтық Thai PBS басылымының хабарлауынша, Қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің кезектен тыс отырысында тараптар атысты тоқтату туралы 13 тармақ бойынша келісімге келген. Екі елдің өкілдері жағдайды реттеп, бейбітшілік орнатамыз деген ниетпен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Басылым Таиланд пен Камбоджа қарудың барлық түрлеріне қатысты атысты тоқтату режимін сақтауға және шекарада Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) әскери қызметкерлерінен тұратын уақытша бақылаушылар тобын орналастыруға келісті деп атап көрсетеді.

Бұған қоса, екі тарап арандатушы әскери немесе жалған ақпарат тарату әрекеттерінен аулақ болып, халықаралық гуманитарлық құқықты қатаң сақтауы және мәселені шешу үшін барлық қолданыстағы екіжақты тетіктерді пайдалана отырып, диалогты жалғастыруы керек.
Таиланд премьер-министрінің міндетін атқарушы Пхумтам Вечаячай мен Камбоджа премьер-министрі Хун Манет 28 шілдеде Куала-Лумпурде өткен келіссөзде атысты тоқтату туралы келісімге келді. Оған АҚШ пен Қытайдың ресми өкілдері де қатысқан болатын.

Бір күн бұрын, 27 шілдеде Камбоджа премьер-министрі Хун Манет екі ел шекарасындағы қарулы қақтығыс жағдайында Таиландпен дереу және сөзсіз атысты тоқтатуды қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп зорлық-зомбылықтың көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, «сарбаздар мен бейбіт тұрғындар арасында көптеген құрбандарға әкелетін соғыстар мен шайқастарды көргісі келмейтінін» айтты.