Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға барады

0
115

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төраға Си Цзиньпиннің шақыруымен 30 тамыз — 3 қыркүйек күндері Қытай Халық Республикасына барады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі мәліметінше, сапар аясында өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қазақ-қытай мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігін нығайту перспективасы талқыланады.

Сонымен қатар 31 тамыз — 1 қыркүйек күндері Қазақстан Президенті Тяньцзинь қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ШЫҰ плюс» жиынына қатысады.

Бұдан бөлек 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Бейжіңге барып, онда Қазақстан — ҚХР Іскерлік кеңесінде сөз сөйлеп, Қытайдың ірі компания жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізеді.

— 3 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға мәртебелі мейман ретінде қатысады, — делінген Ақорда таратқан ақпаратта.

Мемлекет басшысы Қытай еліне сапарының алдында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинді қабылдаған болатын.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасайтын алдағы сапарына дайындық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Тяньцзинде өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ШЫҰ плюс» отырысына қатысу бағдарламасы пысықталды.
Президент еліміздің Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге баса мән беретінін атап өтті.
Мемлекет басшысы ШЫҰ саммиті табысты өтіп, Ұйым тарихының жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. Бұл өңірлік сан қырлы байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Елші қазақ-қытай қарым-қатынасын барлық салада нығайтуға тың серпін беретін Бейжің мен Тяньцзиндегі іс-шараларды нәтижелі өткізуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Сонымен қатар кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты дамыту перспективасы қарастырылды.