Тоқаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде сөз сөйледі

0
57

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзиньде өткен ШЫҰ-ның XXV саммитінде сөз сөйледі.Ол Шанхай ынтымақтастығы ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды және сұранысқа ие халықаралық құрылым деп санайтынын атап өтті.

«Қазақстан ШЫҰ-ның тең құқылы көпполярлы әлемдік тәртіп, қауіпсіздік пен тұрақтылық, мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау және олардың егеменді дамуға құқықтарын мойындау, әділ халықаралық сауда және өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық сияқты негізгі мақсаттарын толығымен қолдайды», — деді ол.

Оның пікірінше, ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және тұрақты дамуын қамтамасыз ету сияқты игі мақсатқа қызмет етеді.«ШЫҰ жарғылық құжаттарының іргелі қағидаттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұлымдыққа»: терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте бірлескен күш-жігерді өте өзекті деп санайды», — деді президент. Қазақстан, деп қосты ол, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі жолында халықаралық ынтымақтастықтың бейнесіне айналған «Шанхай рухын» одан әрі нығайтуды жақтайды.

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ны одан әрі дамытудың басым бағыттары туралы өз көзқарасын ұсынды. Токев бірінші басымдық ретінде ұйымдағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайтуды атады.«Геосаяси қақтығыстардың шиеленісуі, технологиялық бәсекелестік, қаржылық-экономикалық санкциялар, экологиялық және техногендік апаттар жағдайында ШЫҰ кең ауқымды саяси өзара іс-қимыл орнатудың, халықаралық қоғамдастықтағы өзара сенімді нығайтудың, гуманитарлық ынтымақтастық пен өркениетаралық диалогты дамытудың тұрақты алаңына айналуы керек», — деп есептейді ол.

Тоқаев Қытай басшысының жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, жаһандық өркениет, жаһандық басқару жөніндегі бастамаларына оң баға беріп, ШЫҰ-ның алдағы он жылға арналған жаңа даму стратегиясын жүзеге асыруды аса маңызды деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс өршіп тұрған кезде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Халықаралық қауіпсіздікке төнген мұндай қатерлерді, соның ішінде «үш зұлымдықты» бірлесе әрекет ету арқылы ғана жеңуге болады. Сондықтан Қазақстан қауіпсіздік сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы күресу үшін ШЫҰ-ның төрт орталығын құруды қолдайды», — деді Тоқаев.

Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға, сондай-ақ Ауғанстанға гуманитарлық және техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырды.

Қазақстан, деп атап өтті Мемлекет басшысы, Ауғанстанда ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты нығайта түсетін бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобалардың құрылысын бастады. Мемлекет басшысы тамыз айының басында БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты даму мақсаттарының өңірлік орталығы ресми түрде ашылғанын еске салды.

«Біз ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге күш-жігерді үйлестіру және барлық басым бағыттар бойынша өңірлік ынтымақтастықты жандандыру үшін осы Орталықтың әлеуетін бірлесіп пайдалануды ұсынамыз», — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы жанынан перспективалы инвестициялық жобаларды қолдау үшін ШЫҰ кеңсесін құруды ұсынды. Оның пікірінше, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру аса маңызды. Қазақстан өз тарапынан ШЫҰ-ның еркін және әділ халықаралық сауданы дамытуға бағытталған практикалық әрекеттерін қолдайды және санкциялық қысым құралдарын қолдануға қарсы. «ШЫҰ құрылған сәттен бастап біздің елдеріміздің жаһандық ЖІӨ-ге қосқан үлесі екі есеге артып, 30 пайызға жетті. Өңірішілік сауда керемет өсім көрсетті, оның көлемі 2024 жылдың соңына қарай 650 миллиард доллардан асты», — деп еске салды ол. Сонымен қатар, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да артып келеді; өткен жылы оның көлемі 70 миллиард долларға жақындады.

«Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру бастамасын қолдайды және осы перспективалы жобаны жүзеге асыруға қатысуға дайын. Сонымен қатар, біз Астана халықаралық қаржы орталығының базасында перспективалық инвестициялық жобаларды қолдау үшін ШЫҰ кеңсесін құруды ұсынамыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Республика Президенті транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды тағы бір басымдық деп санайды. Ол 150-ден астам елден қолдау тапқан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының әлеуеті зор екенін атап өтті. «Жаһандық жоба «Белдеу және жол» бағыты бойынша сауда-логистикалық операциялардың барлық қатысушыларына жыл сайын бір жарым триллион долларға дейін табыс әкеле алады. Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-Батыс көлік дәліздері, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты да үлкен мүмкіндіктер ашады», — деді Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстанды, Ресейді, Қытайды және Моңғолияны біріктіретін аумағы, халқы және экономикалық қуаты жағынан бірегей еуразиялық «Алтай» аймағының әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған «Трансалтай диалогын» құру жөніндегі жаңа бастама келешегі зор көрінеді. Ол осы мәселені қараша айында Ақтау қаласында өтетін ШЫҰ-ның бірінші форумында порттар мен логистикалық орталықтардың басшылары арасында талқылауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, аймақ елдерінің жоғары технологиялар мен цифрландыру салаларында белсенді ынтымақтасуы маңызды. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығы 5 триллион долларға жетуі мүмкін, оның әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30%-ға дейін артады.
«Бұл саладағы ілгерілеушілік айқын, ол басқа стратегиялық салаларды дамытудан алда. ШЫҰ жасанды интеллектті жедел дамытудың әлемдік флагманы бола алатынына сенімдімін. Сондықтан біз Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз және бұл мәселеге өзіміздің маңызды үлесімізді қосуға дайынбыз», — деді президент.

Ол сондай-ақ Қазақстан цифрлық күн тәртібінің барлық спектрі бойынша тиімді ынтымақтастықты дамытуды, оның ішінде экономиканың нақты секторында, денсаулық сақтауда, көлік пен логистикада, қаланы басқару жүйесінде «ақылды шешімдерді» енгізуді жақтайтынын атап өтті. Қазақстан Президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерде оны тұрақты түрде өткізу мүмкіндігімен жасанды интеллект бойынша ШЫҰ сарапшылық форумын құруды ұсынды.

Президент экология саласындағы ынтымақтастықты бірдей маңызды міндет деп атады. Ол келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толатынын еске салды. «Біз халықтарымыз үшін шын мәнінде маңызды, пісіп-жетілген практикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін бұл датаға саналы және ұтымды жақындауды өте маңызды деп санаймыз», — деді ол.
Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасы мен оның Президенті Садыр Жапаровқа ШЫҰ-ның кезекті төрағалығын жүзеге асыруда сәттілік тіледі.