Қазақстан мен Эстония ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Яап Орамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қазақ-эстон қатынастарының өзекті мәселелерін талқылай отырып, жоспарланып отырған биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындыққа, сондай-ақ сауда, цифрландыру, көлік және логистика салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударды.
Дипломаттар екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі дамыту, шарттық-құқықтық базаны кеңейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру жолдарын егжей-тегжейлі қарастырды.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Осы тұрғыда қос тарап 2025 жылғы қаңтарда Таллинде өткен Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстония үкіметаралық комиссиясының 7-ші отырысының қорытындысы бойынша қабылданған уағдаластықтарды іске асыру сұрақтары бойынша пікір алмасты.
Халықаралық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, Қазақстан мен Эстония өзара тиімді әріптестікті дамытуда конструктивті ұстанымды сақтап отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 71,7 млн АҚШ долларын құрап, оның ішінде Қазақстаннан экспорт көлемі 38,7 млн долларды, ал Эстониядан импорт көлемі 33 млн долларды құрады. Сауда динамикасының тұрақты болуы және Қазақстанда эстон капиталының қатысуымен жұмыс істейтін 74 кәсіпорынның болуы екі елдің іскерлік орта арасындағы сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар диалогты одан әрі жалғастыруға және Астана мен Таллин арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды тереңдетуге өз мүдделерін растады.
