Өзбекстанда 96 пайыз жердің электронды картасы жасалды

Өзбекстанда 96 пайыз жердің электронды картасы жасалды. Бұл туралы Республикалық аэрогеодезиялық орталықтың бөлім басшысы жер ресурстарын тиімді пайдалану бойынша тапсырмалардың орындалу барысы туралы түсініктеме бере отырып баяндады. Үш жыл ішінде ұшақтарды, аэрофотокамераларды және дрондарды қолдану арқылы топографиялық түсірілім жүргізіліп, елдің барлық дерлік аумағының электронды картасы жасалды. Соның нәтижесінде шаруалар мен тұрғындар жүздеген мың гектар жерге қол жеткізді.
Топографиялық түсіру жұмыстарын жүргізу үшін орталық аэрофотокамерамен жабдықталған арнайы ұшақпен және 112 ұшқышсыз ұшатын аппаратпен (дрондар) жабдықталған. Саланы цифрландыру үшін алты ақпараттық жүйе мен дата орталықтары іске қосылды. Үш жылда 96 пайыз жердің электронды картасы жасалған.
Жүргізілген жұмыстардың арқасында резервте тұрған 1,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге кадастрлық құжаттар рәсімделсе, оның 425 мың гектары 675 мың азамат пен шаруа қожалықтарына үлестірілді.
Республикада санаттар мен аймақтар бойынша жер ресурстарына мониторинг және түгендеу жалғасуда. Соңғы жылдары жерге орналастыру және ұтымды пайдалану жаңа деңгейге көтеріліп, соның нәтижесінде республика көлемінде кезең-кезеңімен түгендеу жұмыстары жүргізілуде.
Аэрогеодезиялық орталық мамандары өндірістік және басқа да қажеттіліктерге нақты пайдаланылатын ауыл шаруашылығы алқаптарына зерттеу жүргізіп, үкіметтік комиссияға ұсыныстар дайындап, олардың электронды карталарын жасады.
Жұмысты сапалы орындау үшін заманауи жоғары дәлдіктегі өлшеу құралдары мен технологиялары қолданылады. Tecnam P2006T ұшағын және аэрофотосуреттерді пайдалана отырып, әрбір нысанды егжей-тегжейлі түсіруге және оның нақты шекараларын жазуға мүмкіндік беретін ортофото жоспарлар жасалады. Сондай-ақ, жердегі нысандардың мерзімді өзгерістерін бақылауға болады.
Қазіргі кезде Қарақалпақстан Республикасы, Самарқанд, Сурхандария және Хорезм облыстарындағы жер учаскелерінің нақты жағдайы зерттелді. Хорезм облысы бойынша сәйкессіздік анықталды: егер жер есебінде 608 158 га көрсетілген болса, түгендеуден кейін 618 432 га аумақты құраған.
Өзгерістер негізінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты, олардың бір бөлігі іс жүзінде басқа санаттарға – елді мекендердің жерлеріне, өндірістік, тарихи-мәдени, су және табиғатты қорғау аймақтарына көшкен.