Президент В.Путин Ресей мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынастардың табысты дамып келе жатқанын атап өтті

0
15

Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонға республика тәуелсіздігінің 34 жылдығымен құттықтау жолдады. Ол өз жолдауында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлады Эмомали Рахмонның баспасөз қызметі.

«Ұлттық мереке – Тәжікстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар. <…> Ресей-тәжік қатынастары стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында табысты дамып келеді. Біздің елдеріміз түрлі салаларда жемісті ынтымақтастықта, ТМД, ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы), БҰҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясында күш-жігерді үйлестіруде», — делінген Тәжікстан басшысының сайтында жарияланған хабарлама мәтінінде.

«Біз достас халықтарымыздың игілігі үшін, Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мүддесі үшін сындарлы екіжақты байланыстарды жан-жақты дамыта беретінімізге сенімдімін», — делінген құттықтауда.

Путин сондай-ақ Тәжікстанның әлеуметтік және экономикалық салаларда айтарлықтай табысқа қол жеткізгенін және әлемдік аренада лайықты беделге ие екенін атап өтті. Ол Рахмонға зор денсаулық пен табыс, ал республиканың барлық азаматтарына бейбітшілік пен гүлдену тіледі.

Тәжікстанда 9 қыркүйекте Тәуелсіздік күні тойланады. Путинмен бірге Эмомали Рахмонға құттықтау хаттарды, атап айтқанда, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ президенті Дональд Трамп, Қазақстан президенті Қ.Тоқаев, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшылары, Иран президенті, Ұлыбритания мен Сауд Арабиясы корольдері, Жапония императоры жолдады.