Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің үкіметтері басшыларының кездесуіне қатысты

0
60

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Бішкек қаласында (Қырғызстан) Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесуіне және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері басшыларының\вице-президентінің кездесуіне қатысты.

Қырғыз Республикасының Президентімен ұжымдық кездесу барысында өңірлік интеграцияны, сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану және тағы да басқа мәселелерге назар аударылды.

Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің үкімет басшылары мен вице-президентінің кездесуіне Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев қатысты.

Қатысушылар экономика, сауда, инвестициялар, көлік, цифрландыру, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл туралы пікір алмасты. Ұйым шеңберінде көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тетіктерді жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде мемлекеттер басшыларының сындарлы саясаты Ұйымның стратегиялық негізін қалауға бағытталған маңызды бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Түркі мемлекеттерінің ұйымы қысқа уақыт ішінде беделді құрылымға айналды және өзінің әлем алдындағы мәртебесін көтерді. Бүгінгі кездесу нәтижелері түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық және серіктестік қарым-қатынастардың одан әрі дамуына тың серпін беріп, халықтарымыздың мүддесіне қызмет етеді деп сенемін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Президент Садыр Жапаров Түркі мемлекеттері ұйымы құрылғаннан бері ұзақ жолдан өтіп, табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

«Егер біз ұйымымыздың дамуын одан әрі қамтамасыз етеміз десек, нақты нәтиже беретін нақты қадамдар жасауымыз керек. Саяси ерік-жігер мен қолдауға негізделген практикалық шаралар ұйымымыздың халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайтып, арттыра түседі», — деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Садыр Жапаров өз сөзінде түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың белсенді дамып келе жатқанын атап өтіп, Түркі инвестициялық қорының экономикалық интеграцияның негізгі құралы ретіндегі маңыздылығына тоқталып, оның қызметін үкімет басшылары деңгейінде жандандыру қажеттігін атап өтті.

Жиында Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы, Түркі инвестициялық қоры, Үйлестіру комитеті, «Жасыл» қаржы жөніндегі кеңес және тағы да басқа осы сияқты институттардың қызметін тиімді пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді.

Көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға, кедендік рәсімдерді цифрландыру қарқынын жеделдетуге және порттар мен темір жолдарды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының инфрақұрылымын жаңғыртуға баса назар аударылды.

Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы өзара іс-қимылдың, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және тағы да басқалары бойынша бірлескен зерттеу орталықтарын құру жайы сөз болды.

Делегация басшылары қабылдауға ризашылықтарын білдіріп, қырғыз тарапының кездесуді өткізу жөніндегі бастамасын мемлекет басшылары алға қойған міндеттерді жүзеге асырудың маңызды алаңы ретінде жоғары бағалады.

Мұндай байланыстар Түркі мемлекеттері ұйымының дамуына және интеграциялық үдерістерді тереңдетуге септігін тигізетінін атап өтіп, Қырғызстанның табысты төрағалығына тоқталып, қол жеткізілген уағдаластықтар елдер арасындағы практикалық ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.