Қазақстанның Ішкі істер министрі Қытайда өткен қоғамдық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық форумға қатысты

0
69

Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қоғамдық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық форум конференциясына қатысты.
Шараға әлемнің түкпір-түкпірінен құқық қорғау органдарының өкілдері мен сарапшылар жиналды. Форумда трансұлттық қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы, киберқылмыс, заңсыз көші-қон сынды өзекті мәселелер талқыланды.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ержан Сәденов Қазақстан цифрлық трансформацияны стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын баса айтты.

Әлем жаңа тарихи дәуірге аяқ басты. Цифрлық прогресс қарқыны артып келеді. Толық цифрландыру ауқымды мүмкіндіктермен қатар қауіпсіздіктің белгілі бір мәселелерін де әкеледі. «Полиция тәжірибесі мен инновациялық технологияларды біріктіре отырып, біз бұл қауіптерге лайықты түрде қарсы тұра алатынымызға сенімдімін», — деді министр.

Қазақстан тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқылмыс туралы конвенциясына қосылуға, Еуропалық конвенцияға қосылу жөніндегі жұмысты жалғастыруға, БҰҰ, ШЫҰ, ТМД, Түркі мемлекеттері ұйымы және басқа да ұйымдар аясындағы әріптестікті белсенді дамыту ниетін растады.

Форум қарсаңында делегация заманауи цифрландыру технологиялары мен құқық қорғау органдарында жасанды интеллектті қолдануды көрсететін мамандандырылған көрмеде қоғамдық қауіпсіздіктің соңғы шешімдерімен танысты.

Форум аясында қазақстандық министр Интерполдың бас хатшысы В.Уркизамен, Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлерімен, Грузия мен Моңғолия ішкі істер министрлерімен, Беларусьтің Тергеу комитетінің төрағасымен және Huawei компаниясының басшылығымен екіжақты кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында алдағы ынтымақтастық перспективалары, тәжірибе алмасу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде инновациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Барлық кездесулер конструктивті болды және тараптардың қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға өзара мүдделілігін растады», — деп атап өтті Ішкі істер министрлігі.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Беларусь елдері қылмыстарды тергеу және ашу бойынша бірлескен күш-жігерді талқылады, деп хабарлады Тергеу комитеті.

Қытайдың Ляньюньган қаласында өтіп жатқан қоғамдық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық форум аясында Беларусь Тергеу комитетінің төрағасы Дмитрий Гора бастаған  делегациясы мен министр Ержан Сәденов бастаған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі делегациясының жұмыс тәртібіндегі кездесуі өтті.

Кездесуде ынтымақтастық туралы келісімге қол қою, қылмыстық істер бойынша заңгерлік көмек көрсету, қылмыстарды тергеу мен ашуда бірлескен іс-қимыл мәселелері талқыланды. Төрт жыл бойы алаяқтықпен айналысқан халықаралық қылмыстық ұйымның ұйымдастырушыларына, жетекшілеріне және қатысушыларына қатысты қылмыстық істер бойынша бірлескен жедел-тергеу топтары жұмысының нәтижелеріне ерекше назар аударылды.