Астанада Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан үшін біртұтас энергетикалық кеңістік құру мәселесі талқыланды

Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Тәжікстандық әріптесі Далер Жума Шофакирдің Астанада өтіп жатқан «Қазақстан энергия апталығы-2025» форумында кездесуі барысында тараптар Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін үндестіру перспективаларын талқылады.
ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздердің негізгі тақырыптары электр энергетикасы мен мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту болды.
Қазақстан 2023 жылғы меморандумда көрсетілгендей, Рогун су электр станциясынан электр энергиясын жеткізу туралы үкіметаралық келісімге қол қоюға дайын екені белгілі болды.
Ерлан Ақкенженов бұл құжат өңірдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтудың стратегиялық құралы қызметін атқаратынын айтты: «Біз бұл келісімді энергетикалық жүйені теңгеруге, ауыл шаруашылығын қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға көмектесетін кешенді құрал ретінде қарастырамыз»,- деді.
Сонымен қатар, Энергетика министрлігінің мәліметінше, «KEGOC» АҚ мен Тәжікстанның энергетикалық компаниялары электр энергиясы транзитінің техникалық параметрлерін келісу бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады.
Бұған дейін Өзбекстан мен Тәжікстан Рогун ГЭС-інен электр энергиясын жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімге қол қойған болатын. Келісімшарт 20 жылға жасалған және сұраныстың ең жоғары кезеңдерінде тәжік электр қуатын Өзбекстанға экспорттауды қарастырады. Түркістан облысы шекарасынан шамамен 230 шақырым жерде Вахш өзенінде орналасқан Рогун ГЭС-інің құрылысы «таза шығынсыз» қағидаты бойынша жүргізілуде. Жаңартылған экологиялық және әлеуметтік әсерді бағалауға сәйкес, 262 гектар орман алқаптарының орнына 786 гектар жаңа ормандарды қалпына келтіру есебінен өтеледі, бұл жоғалтылатын аумақтан үш есе көп.
Бағдарлама үш басым бағытты қамтиды:
- арша ормандарын қалпына келтіру және қорғау;
- жағалаудағы экожүйелерді қорғау;
- Жергілікті жеміс және жаңғақ ағаштарын сақтау.
Қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыру шамамен 7,5 миллион долларды қажет етеді, ал қалпына келтірілген ормандарды жыл сайын күтіп ұстау 10 500 долларға бағаланады.
Орнатылған қуаты 3780 МВт болатын Рогун су электр станциясы Орталық Азиядағы ең ірі ГЭС болмақ. Станция толық іске қосылғаннан кейін жыл сайын 14,5 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіретін болады.
Турбиналық залда әрқайсысының қуаты 630 МВт болатын алты турбина орналасады. Соңғы қондырғыны 2029 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланған. Алғашқы екі блок 2018 және 2019 жылдардан бері жұмыс істеп тұр.
2024 жылы станция 1,22 млрд кВт/сағ өндірді, бұл Тәжікстанда өндірілген жалпы электр энергиясының 5,5% құрайды. Сарапшылар Рогун су электр стансасымен электрмен жабдықтау туралы келісім Орталық Азияда біртұтас энергетикалық кеңістік құру және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті.
