Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.
Внуково-2 әуежайында мәртебелі мейманның келуіне орай Мәскеу гарнизонының құрмет қарауылы мен әскери үрмелі оркестрі сап түзеді.
Мемлекет басшысын Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров пен басқа да ресми тұлғалар қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Осыдан кейін Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев: Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге, осынау қасиетті жерге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғана протокол аспектілері жөнінде айтылды. Шын мәнінде, Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады. Сіздің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағдайда пікір алмасамыз. Менің Өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар, -деді.
Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Кемелұлының, ең алдымен, уақыт тауып, мемлекеттік сапармен келгені үшін алғысын білдірді.
Бұған шын жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын, — деді Ресей басшысы.
