
Қанша жыл өтсе де, құндылығын жоймаған «Менің атым Қожа» фильмінің көрермен көзайымына айналып келе жатқаны рас. Бірақ осы туындыда сотқар Қожаны сомдаған актер Нұрлан Санжардың тағдыры мен жеке өмірі көпшілікке беймәлім.
ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!
Актер Нұрлан Санжар Экспресс К тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында бұрын-соңды еш жерде айтылмаған құпияларымен бөлісті.

Әйгілі фильмде Қожаны сомдаған Нұрлан Санжар бүгінде 70 жастан асқан. Өнерде оның бір ғана кейіпкер жұлдызын жағып, бағын ашқанымен, өмір жолында түрлі қиындықтарды бастан өткергенін айтады. Алғашқы некесі сәтсіз аяқталған актердің кезінде өзі бағып-қаққан жалғыз қызынан қазір көңілі қалған.
«Отбасылық өмір — бұл адамның жеке меншік шекарасы. Бірақ мен осы жолы барлығын ашық айтайын. Мен бірінші әйеліммен 38 жыл бұрын ажырасып кеткенмін. Ұлты орыс еді. Алғашқы некеден бір қызым бар. Екі жаққа кеткен кезде әйелім қызды маған тастап кетті. Мен жалғызбасты әке болдым. Сол қызымды жалғыз өзім асырадым, өзім бақтым. Ол қызым қазір 43 жаста. Бүгінде Санкт-Петербург қаласында тұрады, банкте жұмыс істейді. Біз араласпаймыз. Анасының әсері болуы керек, кейін кызым Ресейге көшіп кетті. Мені ұмытты. Мен осында қалдым. Соңғы рет 2007-де, яғни осыдан 15 жыл бұрын 15 минуттық кездесуде ғана көрдім. Жылдар бойы хабарласпайды, байланыс жоқ. Олардың әкем бар деп жаны ашымайды. Сосын мен ұзақ жылдар жалғыз жүрдім. Бұрын сол үшін қатты қиналатынмын. Қазір барлығына үйреніп қалдым», — дейді Нұрлан Санжар.

Ұзақ жылдар жалғыздықтың тауқыметін тартқан танымал актер осыдан алты жыл бұрын екінші мәрте отбасын құрыпты.
«Менің жалғыз жүргенімді көріп, барлығы үйлен дейтін. Мен бас тартып жүрдім. Сосын осыдан 7 жыл бұрын өте қатты ауырдым. Сол ауруханда мені Мәдина есімді медбике жақсы күтті. Кейін жақын танысып, әңгімелестік. Оның жолдасы қайтыс болған екен. Екі баламен жесір қалыпты. Бір баласы тіпті кішкентай, омырауда болған екен. Сол кезде талай қиындықты көрген, тағдырдың тауқыметін қатты тартқан қарапайым әйел. Кейін екеуміз бас қостық, бір шаңырақ астында тұруды жөн көрдік. Бұл кісі менің денсаулығыма қарайды, мені күтеді. Мен ол кісінің өзін, ұлы мен қызын қамқорлығыма алдым. Үлкені Аяулым деген қыз. Ол «аудармашы» мамандығы бойынша Алматыдағы университеттердің бірінде оқиды. Екіншісі Әли деген ұл. Ол 9-сыныпты ғана аяқтады, ары қарай оқыған жоқ. Ол екінші топтағы мүгедек, аутизммен ауырады. Қазір отбасымызда барлығы жақсы. Біз тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз», — дейді актер.

Қазіргі таңда актер Алматыда тұрады. Жаман әдеттерден әлдеқашан арылған. Ендігі мақсаты — салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын күту.
«Мен қазір арақ ішпеймін. Осыдан 34 жыл бұрын ішімдікті қойып кеттім. Тойдым, қазір арақ деген керек емес. Бірақ менің бір жаман әдетім — темекіні көп шегемін. Кейде әйелім темекіні таста деп ренжиді. Өйткені өкпе ауруы да бар. Сондықтан денсаулыққа көп көңіл бөлу керек», — дейді өнер иесі.
Нұрлан Санжар бұл сұхбатында ата-анасы мен бауырларына қатысты да тың деректермен бөлісті. Бірі білсе, бірі білмес, актердің туған ағасы — Тимур Сегізбаев атақты фуболшы болса, әкесі де лауазымды мемлекеттік қызметте еңбек еткен.
«Менің әкем — Сегізбаев Санжар Бақтыбайұлы өте танымал адам болған. Танымал заңгер болған. Кейін әкем министрлер кеңесінде жұмыс істеген. Ол өзінің туыстарына, балаларына емес, нағыз талантты адамдарға көмектескен кісі. Мысалы, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзірбайжан Мәмбетов, Нұрғиса Тілендиевке мемлекеттен пәтер алып берген. Айтпақшы, Заманбек Нұрқаділов әкемнің шәкірті, қол астында жұмыс істеген. Әкемнің тәрбиесін көрген Заманбек те сондай бірбеткей, шыншыл адам ғой. Әкем зейнетке шықса да Қонаевтың өтінішімен жұмыс істеген адам. Өйткені оның жұмысы барлығына ұнайтын. Қонаев әкемді қатты бағалайтын. Айта кетейін, әкем мен анам бес қыз, үш ұлды өсірген. Үйдің үлкені — Тимур Сегізбаев. Өздеріңіз білесіздер, кезінде танымал футболшы болған. Тимур менен он жас үлкен. Ерте үйленіп, кейін отбасымен бөлек тұрды. Жалпы, қалада өскен қазақтар бір-бірімен аса қатты араласпайды. Бізде де солай, туғандармен қарым-қатынасымыз жақсы емес. Сондықтан Тимурмен жақсы араласқан жоқпыз. Әпкелеріммен де анда-санда хабарласып тұрамыз. Олардың барлығы ғылым жолында», — деп сөзін түйіндеді актер.