Ордабасы ауданының әкімі тағайындалды

Түркістан облысы әкімінің өкімімен және Президент Әкімшілігі мен Ордабасы ауданы мәслихаты депутаттарының келісімдері бойынша Азат Оралбаев Ордабасы ауданы әкімі қызметіне тағайындалды. Жаңа әкімді аудан активіне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді.
Аудандағы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерудегі Мемлекет басшысы саясатын жүзеге асырып, бекіткен тапсырмаларды сапалы орындауды жүктеді. Аймақ басшысы Ордабасы ауданын басқарып, өңір дамуына өз үлесін қосқан Нұрбек Бадырақовқа алғыс білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Азат Оралбаев 1983 жылы Ордабасы ауданында туылған. Білімі жоғары. Алматы экономикалық университетін әлемдік экономика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы Ордабасы ауданы, Бадам ауылында «Батсу» ЖШС-ң кадр бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. 2004 — 2010 жылдары Ордабасы аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің маманы, Ордабасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы болған. Бадам ауыл округі әкімі аппаратының бас маманы, Бадам ауыл округі әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2010 жылы Ордабасы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, 2012 — 2017 жылдары Ордабасы ауданы әкімінің аппаратының Аппарат басшысы болған. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.