Доп додасы тартысты өтті

Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Соған орай жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе жасөспірімдер арасында футболға қызығатындар қатары көбеюде. Күні кеше Түркістан облысына қарасты Сауран
ауданында алғаш рет рет кіші футболдан әуесқойлар арасында жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жарысқа 12 ауылдық округтен жасақталған 22 командадан 300-ден аса спортшы қатысты. Бұл спорт додасы аудан көлемінде футболды дамытуға сеп болары сөзсіз. Әр команда асқан ыждағаттылықпен дайындалған. Соның арқасында шара жоғары деңгейде өте тартысты өтті.
Осынау игі спорттық шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысты. «Бүгін ауданымызда ерекше маңызды күн орын алып отыр. Жастарды барынша спортқа баулу бағытында олардың арасынан таланттарды табу үшін спорттық шаралар көптеп өтуі тиіс. Чемпионатты өткізудің негізгі мақсаты кіші футболды дамыту және насихаттау, әуесқойлар арасында үздіктерін анықтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады», — деген аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Шараға арнайы келген ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов чемпионаттың басталуымен құттықтап, талантты футболшылар ауылдан шығатынын айтты. Сондай-ақ, жарыста кіл мықтылардың жеңіске жетуіне тілекші екенін білдірді. Аудан көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылған чемпионат алдағы екі жарым ай көлемінде командалар өзара бақ сынып, жеңімпазды анықтайтын болады. Жеңіске жеткен үздік аяқ доп шеберлерінен құралған команда республикалық әуесқойлар чемпионатында ауданның намысын қорғайтын болады. Жарысқа қатысушылар ылғи да сен тұр мен атайын дейтіндер кіл мықтылар. Ал шын жүйрікті анықтау оңайға түспейтін сыңайлы. Бұдан бөлек, Сауран ауданына қарасты Шорнақ ауылдық округінде кіші футболдан жарыс болып өтті.
Сауран ауданы Шорнақ ауылдық округі, Аша елдімекенінде жасөспірім балалар арасында кіші футболдан ашық алаңда жарыс өткізілді. Жарысты Шорнақ ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Төлегенова Айдана ұйымдастырды.
Жарысқа 5 команда қатысты.1-ші команда Т. Айтжанов мектебі, 2-ші команда Аша, 3-ші команда Аша-2, 4-ші команда Сауран, 5-ші команда Қос мезгіл.
Нәтижесінде: |-ші орын Аша командасы. ||-ші орын Аша-2 командасы. |||-ші орын Қос мезгіл командасы. Және де: Үздік қақпашы номинациясымен Рахматулла Муртаза. Үздік қорғаушы номинациясымен Абдукоримов Ахмет.
Үздік шабуылшы номинациясымен Тәуірбай Нұрым марапатталды.
Жасөспірім балалардың жаттықтырушысы Найманбаев Ерген Ыбырайұлының еткен еңбегіне алғыс айтушылар көп болды. Алдағы уақытта аталмыш бағыттағы жарыстар жалғасын табатын болады.