Алтынқолды шебердің бұйымдарына сұраныс көп

Қазақтың ұлттық ыдыс аяқтары бүгінде трендке айналған. Ұлттық тағамымыз бешбармақты астауға салып тартатын болғанбыз. Замануаи әрі сәнді көрінеді. Ал ұлттық сусындарымыз қымыз бен шұбатты да ағаштан жасалған кеселерге құйып береміз. Қандай жарасымды. Бұл өз кезегінде ағаш шеберлерінің кәсібін дөңгелетуге дем беріп отыр. Бүгінде өңірімізде ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген шеберлер жетіп артылады. Олардың алтын қолынан шыққан бұйымдар арысы шетелге, берісі еліміздің түкпір түкпіріне таратылуда.
Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданы Кемеқалған ауылдық округінің тұрғыны Сабыр Есқараев ағаштан ою ойып, түйін түйіп, ата кәсіпті гүлдендіріп отыр. Оның алтын қолынан шыққан дүниелеріне тапсырыс беретіндер ккөп. Кейде тіпті түскен тапсырыстың көптігіннен үлгере алмай қалып жатады. Ол 22 жылдан бері ағаш өнімдерінен тұрмысқа қажетті бұйымдар жасайды. Бүгінде шебердің қолынан шыққан ыдыстар, астау, күбі, асхана бұйымдары халық арасында үлкен сұранысқа ие. Ағаштан жасалған дүниелер сәнге айналған соң оны сатып алушылардың қатары да көп. Шебердің қолынан шыққан дүниелерге Қазақстан аумағы бойынша арнайы тапсырыс береді. Ұлттық қол өнерді жаңғыртуға кіріскен шебер бүгінде ізін жалғайтын шәкірт тәрбиелеп те жүр.Ата бабадан жалғасып келе жатқан кәсіпті жаңғыртып одан әрі қарай дамыту үшін ұлдарын тәжірибе алмасуға өзге облыстарға арнайы жіберген. Әсіресе астауға деген сұраныс алабөтен. Одан бөлек ағаштан жасалған күбіні арнайы іздеп келіп сатып алып кететіндер көбейген. Өйткен ағаш күбіде пісілген қымыздың дәмі ерек болары анық. Ал күбіде піскен сары майдың дәмі ерекше болатынын білетіндеп көп. Сондықтан да ағаш шеберінің құр қарап отыратын күні жоқ. Тапсырыстарды дер уақытында жасап беру үшін барынша уақытты тиімді пайдаланады. Алтын қолды шебер ең алдымен домбыра жасаудан бастаған. Оның қолынан шыққан домбыраның дауысы да тым ерек. Ағаштан бұйым жасаудың оңай еместігін алға тартады. Ағаштарды кесіп, кептіріп, бабына келтіріп кептірудің де құпиясын білу керек дейді шебер. Оның қолынан шыққан бұйымдары көздің жауын алады. Сабыр Есқараевтың шеберханасында ағаштан жасалған бұйымдардың түр-түрі бар. Сондай-ақ жылына 20 дана эпоксидті шайыр дайындайды. Ал қонақ бөлмеге, ас үйге деп арнайы жасаған бұйымдары басқа баламасы жоқ эксклюзивті. Сондықтан да оны аттай қалап алдыратындар көп. Құстың ұясы, түрлі кәдесыйлар расында кереметтігімен таңқалдырады. Әрі нағыз хас шебердің қолынан шыққаны көрініп тұрады. Шебер алдағы уақытта кәсібінің аясын кеңетуді жоспарлап отырғанын айтады.
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев округ аумағына іссапары барысында шебердің қолынан шыққан бұйымдарды көріп, кәсібімен танысты. Он саусағынан өнері тамған шебермен тілдесіп, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несиелер, субсидиялар жөнінде айтты.