Тоғызқұмалақшылар топ жарып жүр

фото ortcom.kz
Түркістан облысының тоғызқұмалақшыларының жетістіктері көп. Олар алдағы уақытта әлем чемпионатына қатыспақ. Жуырда Павлодар қаласында тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталған болатын. Аталмыш шараға түркістандық тоғызқұмалақшылар ұзақ дайындалды. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Айтулы додада түркістандық тоғызқұмалақшылар 2 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге ие болды.
Тоғызқұмалақтың рапид түрінен Әсел Дәлиева алтынға ие болса, блицтен Ақбота Намаз күміс жүлдені облыс қоржынына салды. Сондай-ақ, Аружан Салман рапид түрінен қола, блиц бойынша алтын медаль иесі атанды. Енді облыс мерейін асқақтатқан арулар сәуір айында Түркияның Ыстамбул қаласында өтетін әлем чемпионатына қатыспақ. Айта кетсек, спортшылар Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірттері. Олардың әлемдік додада табысты оралалатынына сенім мол. Негізінде тоғызқұмалақ – интеллектуалдық спорт ойындарының ішіндегі ең қиыны – көшпенділердің дүниетанымына негізделген. Тоғызқұмалақ (тоғыз тас) — қазақтың халық үстел ойыны. Тоғызқұмалақ ойыны 4000 жылдық тарихы бар және интеллектуалдық спорт ойындарының ішіндегі ең қиыны болып саналады. Оның философиялық тамыры бар. Бүгінде олар тоғыз деңгейде жетілдірілген классикалық ережелерге сәйкес ойнайды.
Түркістан облысының тоғызқұмалақшылары биылғыАзия чемпионатында 6 медаль иеленген болатын. Моңғолияның елінің Баян-Өлгей қаласында зияткерлік ойын тоғызқұмалақтан VI Азия чемпионаты өтті. Додаға 10 елден 200-ге тарта спортшы қатысып, өзара мықтыларын анықтады. Айтулы бәсекеге Түркістан облысының спортшылары да қатысып, 6 медальға қол жеткізді. Әйелдер арасындағы тартыста Әсел Далиева классика бойынша күміс медальді өз атына жазса, рапид түрінде қолаға қол созды. Ал 19 жасқа дейінгі қыздар арасында Ақбота Намаздың мерейі үстем болды. Осы жарысқа спортшыларды даярлауға тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушысы Камила Көпбаева еңбек сіңірді.
Осы орайда, аталған спорт туралы аз кем қызықты ақпаратты ұсынамыз. Ұлттық спорт түрі бүгінде кеңтанымал болып келеді. Ал оның соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Қызықты да адамның ойын жетілдіретін ойын түріне де қызығушылық да оны зерттеуге құлшынушылар да көп болған. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан көрінеді. Қыстың ұзақ түндерінде ермек ететін ойын ретінде пайда болып, кейіннен кең танымалдылыққа ұласқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал, құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Кейіннен оны жетілдіре түскен. Соңғы деректерге қарағанда, тоғыз-құмалақ сынды ойындар ертеректе арифметикалық есептер үшін пайдаланылып, кейін келе есептеу әдістері ұмытылғанға ұқсайды. Ең ежелгі ұлттық ойынды жанына серік еткендер бүгінде әлемдің додаларда топ жарып жүр. Алдағы уақытта түркістандық тоғызқұмалақшылардың әлемдік жарыстарда қанжығалары майланары сөзсіз. Өйткені үздік дайындықта жүретін озық ойыншылар қамшы салдырмасы анық.