Туризм саласын дамыту үшін…

0
85

 

Бүгінде Түркістан облысында туристік сала бойынша қызмет көрсететін нысандар жетерлік. Олардың барлығы да ішкі туризмді дамытуға қомақты үлес қосып жүр. Алдағы уақытта олардың қызметін жандандыру мақсатында түрлі жоспар, жобалар қолға алынуда.  Жуырда Түркістан облысы бойынша туристік қызмет саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінен өтінімдер келіп түседі. Осы орайда өтінімдер тұрақты жұмыс істейтін комиссиясы отырысында қаралды. Комиссия төрағасы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев отырысты жүргізіп отырды.  «Облыс бойынша туристік қызмет саласындағы кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеуге арналған өтінімдерді қарау үшін облыс әкімдігінің 2024 жылғы 8 қаңтардағы №7 қаулысымен тұрақты жұмыс істейтін комиссиялар құрылған, жұмыс органы болып Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасы белгіленген. Бүгінде кәсіпкерлік субъектілерінен өтінім түсуіне байланысты осы комиссияның отырысына жиналып отырмыз. Содан соң Домалақ ана, Бәйдібек ата, Ақмешіт, Үкаша ата, Төлеби ауданы, Түркістан қаласы, Шымкент, тағы сол сияқты халық көп баратын туристік бағыттарды қамтамасыз етіңіздер. Оған қаржы да бар. Енді кәсіпкерлерді тарту, бірлесе жұмыс істеуге шақыру керек. Кейбір аудан, қалаларда әжетхана сын көтермейді. Осы жағын да қарастырыңыздар», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын барысында санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін өтеуге арналған өтінім бойынша және Түркістан облысы бойынша туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарына қатысты аталған басқарманың туристік қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу және қолдау бөлімінің басшысы Дархан Асанхан баяндады. Ал комиссия мүшелері ұсынылған өтінімдерің құжаттарын қарады. Нәтижесінде өтінімге қатысты шешім қабылданды.

Айта кетейік, мемлекеттің қабылданған стратегиялық құжаттарына сәйкес туристік саланы мемлекеттік реттеуді жетілдіру, сондай-ақ Қазақстанның ұзақ мерзімді кезеңге арналған экономикалық даму басымдықтарының бірі ретінде туризм саласын дамыту үшін қажетті құқықтық база құру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылдың 30 сәуірінде Мемлекет басшысының жарлығымен заң қабылданған. Заңда туристік қызмет саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдаудың бірнеше шара қарастырылған. Оның ішінде 4 түрлі мемлекеттік қолдау шаралары облыс деңгейіндегі жергілікті атқарушы органмен жүзеге асырылады. Мұның барлығы туризм саласын дамыту үшін қолға алынып жатқан ауқымды жобалар. Алдағы уақытта осы салада нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасын көтеріп, саланы дамытуға бар күшін салады деген сенім бар.