Үлкен мектеп қалыптасты

0
80

Айтыс – ежелгі салт-дәстүрдің нағыз қайнар көзі. Айтыс — қазақ халқы үшін бүгінгі күні ұлттық құндылыққа айналып үлгерген ықылым заманнан жалғасын тауып келе жатқан өнер түрі. Оны қазақтың төл өнері десек, оның шығу, даму тарихын аса білмегендіктен айтуымыз мүмкін. Айтыс — бағзы заманнан бері сайын даланы мекен еткен қазақ атты халықтың айнымас серігі, ақылшысы, сарапшысы, өткір құралы, сөз сайысы, суырып салмалық ғажап өнер болып саналады. Бұл сөз сайысы ғана емес, табан астында сөз тауып жауап қайтару, тапқырлық пен ұшқыр ой, көсемдік пен шешендік ұштасқан тіл, діл, ұлт мектебі, өткірлік, парасаттылық баспалдағы деп бағаланып келеді. Сол заманның өткір мәселесі айтыстың негізгі тақырыбына айналып отырған. Бүгінде еліміздің әр өңірінде өзіндік жыр мектебі қалыптасқаны белгілі. Сол сияқты айтыскерліктің де өз сара жолы бар. Күнгейліктер де шоқтығы биік болған айтыс өнерін жоғары бағалайды. Жуырда  «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының» Түркістан облысындағы филиалы құрылды. Одақ төрағасы Жүрсін Ерманның пәрменімен облыстық филиалдың төрағалығына айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев тағайындалды. Алдағы уақытта жаңа форматта өтетін командалық айтысқа бұрын Тұран-Түркістан туы астында өнер көрсеткен Шымкент қаласы өз алдына, Түркістан облысы өз алдына жеке команда ретінде қатысады деп жоспарлануда. Түркістандық айтыскерлер бүгінде шашасына шаң жұқтырмай түрлі додаларда топ жарып жүр.

Қазақ айтыс өнерінің жыр күмбезіне өзіндік өрнек, қайталанбас нақыш әкелген өнер дүлдүлі қаншама. Түркістан облысының өзінде айтыс көшін Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім Манапов, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова әрі қарай Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, Карима Оралова, Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова және тағы басқа ақындар жалғай түсті. Ал бүгінде үлкен бір мектеп қалыптасып келеді. Олардың ізін жалғайтын жастар легі алдыңғы сара жолдан айнымасы анық.