Самбоның саңлақтары дараланды

0
75

 

Түркістан қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде самбо күресінен 2004-2005 жылы туған спортшылар арасында Түркістан облысының біріншілігі аяқталды. Жарысқа 100-ге жуық балуанның қатысуы бұл шараның маңызын арттыра түсті. Палуандар боз кілемде жекпе-жектерін өткізіп, самбодан шеберліктері мен техникаларын көрсетті.

 

Самбо – дене шынықтыру, техника мен ұрыс тактикасын дамытатын жекпе-жек өнері мен спорттың танымал түрі. Мұндай чемпионаттар жас спортшылар арасында самбо күресін дамытуға және танымал етуге, сондай-ақ олардың өз шеберліктерін көрсетуге және аймақтық деңгейде бәсекеге түсуіне мүмкіндік береді.

 

Түркістан облысының осындай спорттық іс-шараларды қолдап, өткізіп жатқанына, спорттың дамуына, жас таланттарды жігерлендіретіні сөзсіз.

Облыстың аудан-қалаларынан іріктеліп келген самбошылар арасындағы бәсекеде ұлдар 8 салмақ дәрежесінде, қыздар 8 салмақ дәрежесінде күресті.олардың барлығы да үлкен дайындықпен келген. Кіл мықтылар. Самбоның тілін терең түсінетін, техникаларын шебер меңгерген дарабоздар бощ кілемде атой салды. Олардың барлығы да жеңіске лайық-ақ. Дегенмен жарыстың аты жарыс. Жеңіске жететіні бар, жеңілетіні бар дегендей.

 

 

Жарыс нәтижесінде қыздар арасында Түркістан облысының Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бұрымдылары командалық есепте І-орынды иеленсе, Кентау қаласының арулары ІІ-орыннан көрінді. Сонымен қатар, ұлдар арасында да облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің өрендерінің мерейі үстем болып, командалық І-орынды еншілесе, ІІ-орынды облыстық №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің самбошылары алды. Ал ІІІ-орын Шардара ауданының құрамасына бұйырды. Үздіктер осылайша дараланды. Олар болашағынан көп үсіт күтттіретін дарабоздар.

Ел біріншілігінде жүлде алған үздіктер республикалық чемпионатта облыс намысын қорғайтын болады. Олардың қанжығалары майлы болары сөзсіз. Өйткені кілең сен тұр, мен атайын дейтіндей кіл мықтылар. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы алғыс хаттар және медальдармен марапатталды.